Казцинк қызметкерлердің айлығын көтермекші
Шығыс Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі – «Қазцинк» қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы мәлімдеді. Акционерлермен талқылаудан кейін тау-кен металлургия алпауытының басшылығы 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақыны орта есеппен 8,5 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, 2024 жылы «Қазцинк» жұмысшыларының еңбекақысы екі рет – наурыз және қазан айларында – жалпы шамамен 10 пайызға өскен.
– Инфляция тоқтаусыз жүріп жатыр, ең қажетті тауарлардың бағасы да өсуде. Жалақы деңгейі қызметкерлеріміздің әл-ауқатына тікелей әсер етеді, сондықтан оны нарықтық өзгерістерді ескере отырып қолдау біз үшін аса маңызды, – дейді «Қазцинк» бас директоры Жанат Жанботин. – Жыл басында жалақыны көтеру туралы ұсыныспен акционерлерге шықтық, олар бұл бастаманы қолдады. Қаңтар айындағы еңбекақы орташа есеппен 8,5 пайызға артады.
Жалақы өсімі «Қазцинк» компаниясының барлық бөлімшелеріндегі қызметкерлерге қатысты болады.
Оқи отырыңыз