«Жайлы мектеп»: ШҚО-да биыл екі мектептің құрылысы аяқталады (Видео)
Президенттің тапсырмасының аясында қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – еліміздің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Жоба аясында оқушыларға қауіпсіз, ыңғайлы және заманауи білім алу жағдайларын жасау көзделген. Шығыс Қазақстан облысында осы жоба шеңберінде жалпы сыйымдылығы 3 мың орынды құрайтын жеті жаңа мектептің құрылысы жоспарланған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
900 орынға есептелген екі мектеп, яғни Өскемендегі Есенберлин даңғылы бойында және Глубокое ауданындағы Опытное поле ауылында орналасқан мектептер былтырдан бастап өтпелі жобалар қатарына енген. Олардың құрылысын осы жылдың тамызында аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта Есенберлин даңғылындағы мектеп құрылысының 52%-ы, Опытное поле ауылындағы мектеп құрылысының 69%-ы орындалған, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Бұл жоба аясында салынған мектептер архитектуралық және функционалдық шешімдерімен ерекшеленеді. Жайлы мектептердің ауданы стандартты мектептерге қарағанда кеңірек, ал заманауи технологиялық құрал-жабдықтар екі есе көп орнатылған. Әрбір мектеп заманауи технологияларды қамти отырып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолжетімді болуы және әртүрлі білім беру кеңістіктерін ұсынуы үшін арнайы жобаланған.
Үш мектеп оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында салынды (Өскемендегі №31, №40 мектептер және №2 Белоусовка мектебі), 2 мектеп ескі ғимараттардың орнына салынды (Риддердегі №12 мектеп, Шемонаиха ауданының Шәкәрім атындағы №4 мектебі).
Әр мектепте арнайы жабдықталған оқу кабинеттері, өнер және жаратылыстану ғылымдары бағытындағы аудиториялар, заманауи спорт залдары мен ашық алаңдар қарастырылған.
Жайлы мектептер типтік мектепке қарағанда ауданы үлкен және заманауи технологиялық жабдықтармен екі есе жақсы қамтамасыз етілген. Барлық сыныптарда заманауи интерактивті тақталар орнатылған. Мектептерде озық STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, заманауи үлкен LED-экраны бар акт залы, коворкингтер, 600 орындық мектептер үшін бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке спорт залдары қарастырылған.
Мектептер аумағында футбол алаңы, жүгіру жолы, әмбебап спорт алаңы, ойындар мен workout жаттығуларына арналған аймақтар, сондай-ақ Алғашқы әскери дайындық пәніне арналған плац алаңдары бар. Олар саптық дайындық сабақтарын өткізуге, әскери тәртіп пен саптық қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ерекше балалар үшін пандустар, лифттер, арнайы көрсеткіштер, жеке кең дәретханалар және инклюзивті сыныптар жабдықталған. Мектеп заманауи бейнебақылау және озық өртке қарсы жүйемен қамтылған.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан әр оқу мекемесі қауіпсіз кіреберіс жолдар, автотұрақтар, жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жолы және өткелдермен қамтамасыз етілген.
Ержан Әбіш
Фото: Махаббат Ахметжанова