KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

«Жайлы мектеп»: ШҚО-да 6 мектеп салынып жатыр

Фото: depositphotos.com

8.12.2024, 17:30 18 Гульжан Мусина

Қазақстанда білім беру жүйесін жетілдіру және мектеп инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба 2023 жылы басталып, білім беру нысандарын жаңғыртуға, оқу сапасын арттыруға, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықтарды жоюға бағытталған. Жоба аясында жаңа мектептер салу ғана емес, олардың қауіпсіздігі мен оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін инновациялық шешімдер қарастырылған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 2023 жылы басталғаны белгілі. Мектептердің нысаналы құрылысына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, ал жергілікті атқарушы орган мектептерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда облыс бойынша ұлттық жоба аясында 3 мың орындық 7 мектеп салу жоспарланған болатын. Шемонаиха қаласындағы Железнодорожный көшесінде орналасқан 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды, ал 2,7 мың орындық 6 мектеп салынуда.

Желтоқсан айында салынып жатқан 6 мектептің 1500 орындық 3 мектебін аяқтау жоспарланып отыр. Олар Өскемен қаласындағы Уәлиев және Тимофеев көшелерінде,  Риддер қаласындағы Киров көшесінде бой көтерді. 

Қалған 1200 орындық 3 мектеп, яғни Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылы, Глубокое ауданындағы Белоусовка және Опытное поле ауылдарындағы мектептер алдағы 2025 жылы пайдалуға берілмек.

Айта кету керек, Шемонаиха қаласындағы жаңа мектеп 1936 жылы салынған Шәкәрім атындағы №4 орта мектебі үшін салынғандығын атап өткен жөн. 

Ал Риддер қаласындағы жаңа мектеп 90 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №9 және №12 орта мектептер үшін салынып жатыр.

Сонымен қатар Өскемен қаласының 23-ші шағын ауданы мен «Спорт» шағын ауданында және Глубокое ауданының Прапорщиков ауылында бой көтеретін 1200 орындық 3 білім ордасының құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр.

Жайлы мектептердің ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларын бөлек блоктарда оқытуға негізделген. Бұл әдіс қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оқушылардың оқу барысын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді. 

Олардың әрқайсысында психолог, логопед, робототехника және биотехнология кабинеттері, STEM зертханалары, хореография залы және коворкинг орталығы, 600 орындық мектептерде бастауыш және орта буын оқушыларына арналған жеке спорт залдары болады.

Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын жүзеге асыру 3000 оқушыны жаңа мектептермен қамтамасыз етуге, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға, сондай-ақ білім берудің жаңа стандарттарын енгізуге тамаша мүмкіндік береді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – білім беру саласындағы стратегиялық маңызы бар бастама. Бұл жоба арқылы мыңдаған оқушы жаңа, заманауи жабдықталған мектептерде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Шығыс Қазақстан облысында жоба аясында салынып жатқан мектептер тек инфрақұрылымды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жаңа оқыту стандарттарын енгізуге жол ашады. Ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты азайту, қауіпсіздік деңгейін арттыру және оқушылардың шығармашылық әрі зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында құрылған бұл мектептер аймақтың білім беру жүйесіне оң әсерін тигізеді. Ұлттық жобаның табысты жүзеге асырылуы – ел болашағына салынған маңызды инвестиция.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу