KZ
Өскемен
-6°
небольшой снег жел 7 м/с, Ю
497.88 518.59 5.44

ШҚО-да алғашқы жартыжылдыққа ЭКО-ға 100 квота бөлінді

Бүгін, 17:30 69 Төлеуғазы Жансая

2021 жылдан бері "Аңсаған сәби" мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында ата-ана болуға 1 509 мүмкіндік берілді. Нәтижесінде 570-тен астам бала дүниеге келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Касым Қайсенов ауылының тұрғыны Рауангүл Мусрабиева - бір жарым жылдан бері егіз ұлдары Ерасыл мен Нұрасылдың бақытты анасы. Көптен күткен және дені сау балалар экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген.

Үлкен ұлымыз 12 жаста, ол бауырлары мен қарындастары жоқ болғанына қатты қынжылатын. Әсіресе, көпбалалы туыстарымыз бен достарымызға барғанда, - деп еске алады Рауангүл. – Біз талай рет тырыстық, бірақ жүктілік сәтсіз аяқталатын. Үмітімізді үзіп бара жатқанда, ауылдық емханамыздағы дәрігерлер бізге "Аңсаған сәби" бағдарламасы туралы айтып, тіркеуге алды. Барлық қажетті тексерулерден өтіп, құжаттарды рәсімдеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында ЭКО-ға жолдама алдық. Біз үшін бұл процедура тегін болды. Барлық дәрігерлерге алғыс айтамын, олар жүктіліктен бастап, сәбилеріміздің аман-есен дүниеге келуіне дейін бізбен бірге болды. Аналық бақыт сыйлағандары үшін рақмет!

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 32 отбасы ЭКО кезегінде тұр. "Аңсаған сәби" бағдарламасына қатысу үшін күрделі талаптар жоқ.

Пациенттер өздері міндетті медициналық сақтандыру аясында қосалқы репродуктивті технологиялар қызметін көрсететін медициналық ұйымды таңдайды, - дейді ШҚО отбасыны жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі координатор Надира Слямханова. 

Содан кейін өз емханасындағы учаскелік дәрігерге жоғары технологиялық медициналық қызметтер комиссиясының қорытындысын алу үшін жүгінуі қажет.

Учаскелік дәрігер бедеулікпен диспансерлік есепке алынған пациентті электрондық тіркеуге енгізеді. Бір жыл ішінде қажетті тексерулерден өткеннен кейін, арнайы маманның қорытындысы негізінде ЭКО қажеттілігі туралы шешім қабылданады. Оң шешім шыққан жағдайда, пациент құжаттарымен бірге Госпитализация бюросының порталына тіркеледі және көрсетілетін қызметтің уақыты белгіленеді.

Биыл біз жүктілікке дейінгі дайындыққа ерекше көңіл бөлудеміз. Бұл - отбасын бала көтеруге, жүктілікті сәтті өткізуге және дені сау бала дүниеге әкелуге дайындауға бағытталған диагностикалық және алдын алу шараларының кешені, - дейді Надира Слямханова. – Қазіргі таңда өңірдегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін клиникаларда мамандарды оқыту жүріп жатыр. Олар болашақ ата-аналарға қажетті көмек көрсету үшін семинарлар мен тренингтер өткізуде.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылған барлық облыс тұрғындары жүктілікке дейінгі дайындықтан тегін өте алады. Бұл кез келген отбасы үшін ең маңызды оқиға – дені сау баланың дүниеге келуін шын мәнінде қуанышты сәтке айналдыруға көмектеседі.

Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу