Риддерде жылу жүйесін жаңарту және тасқынға дайындық жұмыстары жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Риддер қаласында болды. Ол жылу жүйесінің жұмысын тексеріп, су тасқынына дайындық барысымен танысты. Негізгі мәселелер – жылу желілерін жаңарту, қалалық инфрақұрылымның жағдайы және көктемгі су басудың алдын алу шаралары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазір қалада екі негізгі жылу көзі бар: «Шығыс жылу» АҚ-ның Риддер ЖЭО филиалы және «Л-ТВК» ЖШС қазандығы. Оларды жаңғырту – құзырлылардың басты міндеттерінің бірі.
Соңғы екі жылда ЖЭО аймақ балансына өткеннен кейін үлкен жұмыстар атқарылды: жабдықтар жаңартылып, 19 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді. Бұл қала тұрғындарына жылу беру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Нұрымбет Сақтағанов оң өзгерістерді атап өтті:
Сонымен қатар кадр тапшылығы мәселесі шешілмек. Биыл республикада Жұмысшы мамандықтар жылы жарияланды, сондықтан энергетика және өнеркәсіп саласының мамандарына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Облыс ЖЭО-да жұмыс істеуге ниетті азаматтарды «Отбасы банк» арқылы баспанамен қамтамасыз етуге дайын. Қажет болған жағдайда жұмыс істеп жүрген мамандар қайта даярлаудан өтеді.
«Л-ТВК» ЖШС қазандығы – қаланы жылу және сумен қамтамасыз ететін тағы бір маңызды нысан. Ол Қаражыра кенішінің көмірімен жұмыс істейді, қазіргі уақытта бес су жылыту қазандығы пайдаланылады. Алайда 2001 жылы құрылғанына қарамастан, кәсіпорынның қазіргі жағдайы қосымша – күтіп ұстауды және жөндеуге қаражат бөлуді талап етеді.
Сапар барысында су тасқынына дайындық мәселелері де талқыланды. Нұрымбет Сақтағанов «ЛКГЭС» ЖШС-ның мұз жіберу каналының тазалығын бақылауды және арықтар мен каналдардың, әсіресе Ботаника ықшам ауданындағы жағдайды қадағалауды тапсырды.
Риддерде жылу жүйесін жаңғырту және су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасады. Жергілікті билік жоспарланған барлық шаралардың орындалуын бақылауда ұстайтын болады.
Ержан Әбіш
Фото: Аяужан Утеулинова