Риддерді жылумен жабдықтау: ауқымды жұмыс атқарылды
Фото: pexels.com
Риддер қаласының жылумен қамтамасыз ету жүйесі соңғы жылдары бірнеше күрделі мәселелерді бастан өткерді. Атап айтқанда, 2023 жылдың наурызында ЖЭО-дағы №6 қазандықта көмір тозаңының жарылысы орын алып, қазандық жұмысында іркіліс пайда болған еді. Бұл оқиға жүйенің техникалық жағдайына қатысты сұрақтарды күшейтті және аймақ үшін төтенше жағдай жариялауға себеп болды.
2024 жылы қалада жылу жүйесін қайта жаңғырту мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Үкімет резервінен 8,4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, бұл қаражат жылу электр орталығындағы қазандықтарды, жылу желілерін және қосалқы инфрақұрылымды күрделі жөндеуден өткізуге бағытталды. Нәтижесінде бес қазандық толықтай іске қосылды, ал алтыншы қазандық резервте сақталуда.
Сонымен қатар, қалада 19 шақырым жылу желісі жаңартылды. Бұл қыста тұрғын үйлерде температураны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік берді. Қала тұрғындарының айтуынша, үйлердегі жылу температурасы өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, қазіргі уақытта температура +20 градусты көрсетіп отыр.
ЖЭО-да қажетті отын қорлары да жеткілікті. Қазіргі кезде 7100 тонна көмір мен 148 күнге жететін мазут қоры дайындалған. Бұл көрсеткіштер жылумен қамтамасыз етудің үздіксіз болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, биыл станцияға цифрлық басқару жүйесі енгізіліп, оның тиімділігі мен сенімділігі арттырылды.
Жүйедегі апаттардың қайталану қаупін азайту үшін алдын алу шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қазандықтар мен жылу желілерін модернизациялау жалғасып, резервтік қуат көздерін енгізу жоспарлануда. Бұл шаралар қала тұрғындарының жылусыз қалу ықтималдығын төмендетуге бағытталған.
Жылу жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді жаңғырту жобалары қолға алынуда. Жүйенің негізгі элементтерін жаңарту, резервтік қуат көздерін көбейту және энергиялық тиімділікті арттыру арқылы Риддер қаласының жылу жүйесі сенімдірек болмақ.
Қала әкімдігі мен энергетиктер осы жұмыстарды жүзеге асыра отырып, Риддер қаласының тұрғындарына биылғы жылыту маусымында тұрақты және сапалы жылу берілуіне кепілдік беруде. Бұл өзгерістер аймақтың өмір сапасын жақсартып, болашақта жылумен байланысты қиындықтарды болдырмауға негіз болмақ.