Өскеменде 3477 әскери бөлімінің 65 жылдығы аталып өтті
Өскемендегі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің құрылғанына 65 жыл толды. Маңызды нысандарды күзетумен айналысатын бұл әскери бөлімнің мерейтойы «Ертіс концерт» залында салтанатты түрде атап өтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шара аясында мәдени нысанның холында қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар бүркіт ұстаған саятшымен суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Мерекелік кешке қала әкімінің орынбасары, түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлім командирлері мен әскери бөлім ардагерлері арнайы қатысты.
Мерекелік жиында алғаш болып сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Дәурен Джагиппаров мінсіз қызметімен ерекшеленген әскери қызметшілерді алғыс хаттар және грамоталармен марапаттады.
Әскери бөлімнің 65 жылдық мерейтойы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – маңызды тарихи кезең. Бөлім әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, ел қауіпсіздігіне зор үлес қосып келеді.
Қала әкімінің орынбасары Ирина Смид құттықтау сөзін жалғап, әскери қызметшілерге ақжарма тілегін жеткізді. Ал ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев бөлім командиріне табиғат көрінісі бейнеленген картинаны сыйға тартты. Сондай-ақ, Өскемен гарнизонының әскери бөлім командирлері, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мен Халық банкінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері де құттықтауларын жеткізіп, сыйлықтарын тарту етті.
Шараға қатысқан 3477 әскери бөлімінің ардагері Василий Чуб өз естеліктерімен бөлісті. Ол құқықтық тәртіп әскері ішкі қауіпсіздіктің қалқаны екенін айтып, стратегиялық маңызды нысандарды күзеткен жылдарын еске алды. Зейнет демалысында болса да, бөлім жауынгерлерінің өз борыштарын абыроймен орындап жүргеніне ризашылығын білдірді.
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі