KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
501.28 526.19 5.86

Риддерде өткен Республикалық «Ассамблея Жастары» лагері ел белсенділерін біріктірді (видео)

Бүгін, 14:50 83 Әбішев Ержан

Риддер қаласындағы «Синегорье» демалыс базасында үш күнге созылған республикалық «Ассамблея Жастары» лагері – «ЭТНО WINTER CAMP» өтті. Бұл шара елдің түкпір-түкпірінен келген белсенділер мен еріктілерге өзара тәжірибе алмасып, жаңа білім алу мүмкіндігін сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Лагерьге Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген «Ассамблея Жастары» ұйымының белсенділері қатысты.

Биылғы кездесу Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орайластырылды. Үш күн бойы қатысушылар танымдық және ойын-сауықтық бағдарламаларға белсене атсалысты.

- Лагерь ерекше әсерлі өтуде. Ұжымдық жұмысқа баулитын тренингтер, шешендік өнерді дамыту сабақтары, қызықты шеберлік сағаттары – мұның бәрі Шығыс Қазақстанның көркем жерінде, «Синегорье» демалыс базасында ұйымдастырылды! Мен көптеген талантты жастармен таныстым. Біз өңірлердегі экологиялық, патриоттық, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, жаңа идеялармен шабыттандық. Бұл кездесулеріміз әлі де жалғасын табады деп сенемін! – деді Жамбыл облысынан келген «Ассамблея Жастары» мүшесі Әзиза Исманова.

Кездесулер мен интерактивті тренингтердің негізгі бөлігі нашақорлық, алкоголь және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу тақырыбына арналды. Жастарға зиянды әдеттерден қалай сақтану керектігі және тәуелді адамдарға қандай көмек көрсетуге болатыны жөнінде тәжірибелі психолог-тренерлер кеңес берді.

Сондай-ақ, табысты кәсіпкер Михаил Лунев жас қатысушыларға өз кәсібін ашу жөнінде практикалық семинар өткізіп, кәсіпкерлік қабілеттерді дамытуға көмектесетін әдебиеттерді ұсынды.

Лагерьдің басты қонақтарының бірі – отандық актер, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі, домбырашы-ақын Даниэль Джеймс болды.

Лагерьдің жабылу салтанатына Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Бурахан мен Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханов қатысып, жастарды толғандырған экология, туризмді дамыту және басқа да маңызды сұрақтарға жауап берді.

Бұл шара жастардың бірігуіне, жаңа бастамаларды дамытуға және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу