Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен татулықтың кепілі

2025 жыл – еліміз үшін ұлттық мәдени мұраны сақтау, дамыту және қолдау ісінде айрықша мәнге ие жыл. Бұл – барша отандастарымыз үшін маңызды кезең, себебі біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осынау бірегей қоғамдық институт ұлтаралық келісімді нығайтуда және түрлі этностарды Қазақстан халқының біртұтас қауымдастығы етіп біріктіруде маңызды рөл атқарып келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан халқы – біртұтас ұлт» қағидасын дамыту жолындағы басты ұйымға айналды. Осы ретте маңызды өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан. Біздің өңір көпэтностық мәдениеттің тыныштық пен келісім жағдайында өркендеуінің жарқын бір үлгісі болып отыр. 1992 жылы Шығыс өңірінде еліміздегі алғашқы Достық үйі ашылған еді. Содан бері Шығыс Қазақстан этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлерін құру ісінде көшбасшы аймақ саналады.
Бүгінде Достық үйінде мәдени, ғылыми және өзге де қоғамдық маңызы зор жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында алғашқы этноауыл, «Достық керуені» жобасы, Тілдер мектебі және Қазақстан халқы Ассамблеясының мұражайы бар. Бұл бастамалар түрлі этностардың төл мәдениетін насихаттауға ғана емес, этносаралық өзара қарым-қатынастың тиімді алаңын қалыптастыруға да ықпал етіп отыр.
Шығыс Қазақстанның Достық үйі өңір халқының тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуда айырықша рөл атқарады. Отыз жылдан астам уақыт бойы бұл мекеме түрлі этнос өкілдерінің бір мақсатта бірігіп, ел игілігі үшін қызмет етуіне мүмкіндік беретін бірегей орталыққа айналды. Соңғы жылдары Достық үйі жастар үшін, жергілікті қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдар үшін маңызды алаң болып, қоғамдық кездесулерді, пікір алмасуларды, әлеуметтік және мәдени жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасап келеді.
Ассамблеядағы қоғамдық құрылымдардың табысты жұмысы – сөзіміздің айқын дәлелі. Бүгінгі таңда облыста 115 Ақсақалдар кеңесі, 114 Аналар кеңесі, Медиация орталығы және «Ассамблея жастары» ұйымы белсенді түрде қызмет атқаруда. Бұл құрылымдар жергілікті деңгейдегі өзара іс-қимылдарды өрістетіп, әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді нығайтуға ықпал етіп келеді.
Жастардың игі бастамаларын қолдау – Достық үйлерінің басым бағыттарының бірі. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйінде Жастар коворкинг-орталығы ашылған еді. Бұл орталық азаматтық белсенділер үшін, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктері үшін шығармашылық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын алаңға айналды.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар театры жұмыс істеп тұр. Онда көпбалалы отбасылардың жеткіншектері мен балалар үйінің тәрбиеленушілері өнер көрсетеді. 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қонақжай отбасы» жобасы балаларды қазақи тілдік ортаға бейімдеуге бағытталған. Бұл бастама балаларға қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды ұлттық мәдениетпен тереңірек таныстырады, сондай-ақ этносаралық қарым-қатынасты да күшейте түседі.
Қазақ тілін сақтау мен дамыту ісіне ерекше назар аударылуда. Былтыр өңірдегі 11 Тілдер мектебінің базасында «Кел, сөйлесейік» атты қазақ тілін үйрететін 25 клуб ашылды. Олардың мақсаты – қазақ тілінде еркін сөйлесу дағдыларын жетілдіру. Сонымен қатар ауылдарда 74 Қазақ тілін оқыту орталығы жұмыс істейді, алдағы уақытта олардың санын 100-ге дейін көбейту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, облыста «Мектепішілік кіші Ассамблея» жобасы жүзеге асуда. Бұл бастама өңірдегі 64 мектепті қамтып, оқушылар арасында этносаралық диалог орнатуға ықпал етіп отыр. 2019 жылдан бері іске қосылған «Мектептік медиация қызметі» бүгінгі таңда 174 мектепте жұмыс істеп, жасөспірімдер арасындағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге және әлеуметтік бірлікті бекемдеуге көмектесуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Достық үйлерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, этномәдени бірлестіктерді қолдау басты міндеттердің бірі болып отыр. Жалақыны көтеру, түрлі іс-шаралар өткізу және инфрақұрылымды жақсарту үшін бөлінген қосымша қаржыландыру Достық үйлерінің қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.
Достық үйлерінің елдегі тұрақтылықты сақтау және түрлі этностарды біртұтас ұлт ретінде қалыптастырудағы рөлі ерекше. Бүгінгі таңда қоғамдық бірегейлікті қалыптастыру, отансүйгіштік пен этностық сан алуандықты құрметтеу идеологиясын ілгерілету аса маңызды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл бойы елімізді үлкен жетістіктерге жетелеп, этносаралық келісімді нығайту мен әл-ауқатымыздың артуына негіз қалады. Достық үйлерінің базасында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар әрбір этностың өз орнын тауып, Қазақстанның көпмәдениетті, біртұтас ұлт ретінде дамуына жағдай жасап отыр.
Нұрымбет САҚТАҒАНОВ,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі