ШҚО-да жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді (видео)
Шығыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірдегі 769 білім беру ұйымында тәрбие жұмысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жүргізіліп келеді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстың барлық мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленген. «Қауіпсіздік сабағы» аясында оқушылар төтенше жағдайларда өзін-өзі қорғау және әрекет ету негіздерін меңгереді. Сонымен қатар, мектеп ғимараттарының қауіпсіздігі жүйелі түрде тексеріліп, ақпараттық стендтерде жедел жәрдем мен сенім телефондарының нөмірлері орналастырылған.
Облыстағы білім беру мекемелерінде «KiVa» антибуллинг бағдарламасы енгізілуде. Қазіргі таңда бұл пилоттық жоба Зайсан, Тарбағатай, Самар және Марқакөл аудандарындағы 4 мектепте жүзеге асырылуда.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу үшін 71 қосымша білім беру ұйымы, 95 «Жас Сарбаз» сыныбы, 2 423 тегін спорт секциясы жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамту көрсеткіші бүгінгі таңда 94%-ға жетіп отыр.
Айта кету керек, былтыр қиын жағдайға тап болған балалар үшін Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығы ашылған болатын. Орталық басшысы Лилия Петровнаның айтуынша 2024 жылдың алғашқы айларында бұл орталыққа 1050 өтініш түсіп, оның ішінде 465-і сенім телефоны арқылы қабылданды. Зорлық-зомбылық пен буллингке ұшырау ықтималдығы жоғары 24 балаға арнайы көмек көрсетілген.
Облыстағы ювеналды полиция органдарында 157 оқушы тіркелген, олардың 50%-ы мектептен тыс іс-шараларға қатысады. Құқық қорғау органдары және басқа да қызметтермен бірлесіп, осал отбасыларға рейдтер ұйымдастырылуда. 2024 жылы 193 жасөспірім тұратын 84 отбасы тексерілді.
2024 жылдың алғашқы айларында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 47,4%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына 131 құқық бұзушылық оқиғасы тіркелген.
ШҚО білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары әрі қарай жалғасады, осал отбасыларға ерекше көңіл бөлініп, мектептердегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылайтын болады.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев балалар арасындағы құқықбұзылықтарды анықтауға ден қоюды тапсырды. Өйткені, оның айтуынша қазіргі ресми тіркелген сандар ақиқатқа сай болмауы мүмкін. Бұл тұрғыда облыстық білім басқармасына мектептердегі девиантты мінез-құлқы бар балаларды тіркеу жағына ынталандыруға шақырды.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников