KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность Штиль
499.04 544.45 5.96

Өскеменде 100-ден астам қария мақал-мәтел сайысында бақ сынады (видео)

Бүгін, 15:30 82 Жанаргүл Көкенайқызы

Наурыз мейрамы аясында Өскеменде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Наурыз-Quiz» сайысы өтті. Бұл ерекше шара Республика алаңындағы бас киіз үйде ұйымдастырылып, оған 100-ден астам қала ардагерлері қатысты.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын жаңаша атап өту үшін «Наурыз онкүндігі» енгізілген болатын. Биыл осы дәстүр жалғасын тауып, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға арналған арнайы күн өткізілді. Осыған орай ұйымдастырылған «Мың бір мақал» сайысы ардагерлердің білімін, тапқырлығын, ұлттық мұраға деген құрметін көрсететін ерекше жарысқа айналды.

Сайыс барысында қатысушылар «Наурыз мерекесі», «Ізгілік пен адамгершілік», «Білім мен өмір», «Жақсылық пен жамандық», «Отбасы мен Отан» тақырыптары бойынша мақал-мәтелдердің жалғасын табу арқылы білімдерін сынады. Жеребе тарту арқылы әр топ өз тақырыбын таңдап, сөз мәйегін саралауға кірісті. Барлық топ сайыстан сүрінбей өтіп, белгіленген уақыт ішінде өз жауаптарын ұсынды.

Өскемен қалалық ардагерлер кеңесінің командасы құрамында 88 жастағы Қалиқожа Қабдуалиев, 86 жастағы Масура Сағымбаева секілді ардагер ұстаздар болды. Бұл топ өз білімі мен тапқырлығын көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленді.

Жеңімпаздар:

I орын: «Марқакөлдің қазыналы қарттары» (жетекшісі – Нәбиолла Кемешов)

II орын: Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі (жетекшісі – Әлібек Нұрмұхамбетов) және «Ақбосаға» өнер ұжымы (жетекшісі – Нұрсағила Шамшиева)

III орын: Қизатовтар әулеті (жетекшісі – Қизатов Бақытбек) және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ардагерлер ұйымы (жетекшісі – Любовь Сергиенко)

Байқау барысында айтыскер ақын Абаш Кәкенов жетекшілік еткен «Тарбағатай таулары» тобы, «Бұқар жырау» жастар тобы, Өскемен қалалық ақсақалдар алқасы мен облыстық ардагерлер кеңесі де жоғары деңгейде өнер көрсетті.

- Бұл сайыс ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған. Қазақтың бай мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу, тіл байлығын дамыту, салт-дәстүрімізді насихаттау – біздің басты мақсатымыз. Алдағы уақытта мұндай сайыстар барлық аудандар мен қалаларда жалғасын тапса деген ниеттеміз – деді Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов.

Шара барысында «Ақбосаға» өнер ұжымы ән-күйден шашу шашып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Фото/видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу