134 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуына байланысты әлеуметтік төлем алды

Фото: gov.kz
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты 134,8 мың адам әлеуметтік төлем алған. Оның ішінде 61 мың азаматқа төлем осы жылы тағайындалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, жалпы төлем сомасы 19,8 миллиард теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем қарастырылады. Төлем МӘСҚ есебінен, жоғалтқан табыстың 45%-ына дейінгі мөлшерде төленеді.
Әлеуметтік төлем алу үшін не істеу керек?
Жұмысынан айырылған азамат төлем тағайындау үшін келесі қадамдарды орындауы тиіс:
- kz порталына кіріп, авторизациядан өтуі қажет;
- «Жұмыспен қамту және еңбек» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайды;
- Онлайн өтінішті толтырып, ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбамен) қол қояды;
- Өтініш берілгеннен кейін 1 күн ішінде тұрғылықты жердегі карьералық орталық (КО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- Егер лайықты жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қашықтан «жұмыссыз» мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда КО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).
Бұл қызметті enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы да онлайн түрде алуға болады.
Егер азаматтың жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ақпарат бар болса, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті түрде оның ұялы телефонына SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісім берген жағдайда, төлем автоматты түрде тағайындалады.
Еске сала кетейік, жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін бұл әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себебіне қарамастан жүзеге асырылады және жаңа жұмыс іздеу кезінде материалдық қолдау көрсетуге бағытталған.