KZ
Өскемен
ясно Штиль
500.32 545.3 6

Өскеменде жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болады

Кеше, 14:00 147 Әбішев Ержан

Өскеменде қала келбетін жақсартуға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа қоғамдық кеңістіктердің басты идеясы – спортпен айналысуға және белсенді демалысқа қолайлы орта қалыптастыру. Жоба аясында жайлы серуен аймақтары мен мәдени демалыс орындары құрылады. Қала инфрақұрылымын жақсарту арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыру көзделіп отыр.

Жаңартудың негізгі нысандарының бірі – Согра ықшам ауданындағы сквер. Мұнда ауқымды қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі, балалар мен спорт алаңдары, серуен бағыттары, демалыс аймақтары және заманауи жарықтандыру орнатылады.

Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары ШҚТУ мен Вокзал маңын, Меновное кентін, Лихарев көшесін, Куленовка шағын ауданын да қамтиды. Бұл аумақтарда жарықтандырылған жаяу жүргінші жолдары, жасыл желектер, заманауи архитектуралық элементтер, демалыс орындары мен балалар ойын алаңдары пайда болады. Спорт сүйер қауым үшін футбол алаңдары, баскетбол мен волейбол алаңдары, воркаут-аймақтар салынады.

Ең ерекше нысандардың бірі – көпір астындағы кеңістік болады. Бұл жер заманауи жастар алаңы ретінде жобаланған. Мұнда скейт-парк, воркаут-аймақтар, 3x3 баскетбол алаңы, теннис үстелдері және көрермендерге арналған трибуналар орнатылады. Келушілердің жайлылығы үшін киім ауыстыру бөлмелері мен фуд-корттар көзделген. Жобаның маңызды бөлігінің бірі – арт-дизайн: қабырғаларға граффити немесе муралдар салынады. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Айта кетейік, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов жаңа қоғамдық кеңістіктер салынатын аумақтарды аралап шығып, абаттандыру жобаларымен танысты.

Өскемендегі бұл жаңа қоғамдық кеңістіктер жобасы – қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастамалар қала тұрғындарын спортқа және мәдени іс-шараларға белсенді қатыстыру арқылы облыс орталығын жайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді.

Фото: Өскемен қаласы әкімдігінен 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу