Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің айналасы аббаттандырылады

Фото: ҚР Көлік министрлігі
Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің айналасын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлбеков айтты, - деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Көпір айналасындағы аумақты жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда жолаушыларға, жергілікті тұрғындарға және аудан қонақтарына арналған заманауи демалыс аймақтары салынады. Ыңғайлы демалыс үшін арнайы демалу орындары, жаяу жүргіншілер жолдары, биодәретханалар, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылады. Бұл шаралар тек демалысқа қолайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар эстетикалық тартымды орта қалыптастыруға бағытталған.
Көпірдің абаттандыру жұмыстары – Күршім ауданы инфрақұрылымын дамытуға арналған ірі жобаның бір бөлігі. Алдағы жылы жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше маңызды іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Күршім ауылында айналма жол салу, қазандықтарды қайта жаңғырту және №5 қазандыққа апаратын жылу желілерін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар, Ю. А. Гагарин атындағы №1 орта мектепке арналған ангар пішіндегі спорт залы салынады және дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді.
Барлық осы бастамалар тұрғындардың өмір сүруіне, жұмыс істеуіне және демалуына қолайлы, заманауи әрі тартымды орта қалыптастыруға бағытталған. Күршім ауданы маңызды туристік және көлік торабы ретіндегі мәртебесін нығайтып қана қоймай, аймақтық деңгейде инфрақұрылым дамуының сәтті үлгісіне айналуда.