Тұқым сапасы – өнімділік кепілі: ШҚО-да элиталық тұқымдарға басымдылық берілуде

istockphoto.com
2025 жылғы көктемгі егіс науқаны қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқыммен толық қамтамасыз етілді. Жалпы қажеттілік – 73,2 мың тонна, оның ішінде 10,1 мың тонна элиталық тұқым егу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған қажеттіліктің ішінде 54,2 мың тоннасы – дәнді дақылдарға, 3,2 мың тоннасы – майлы дақылдарға, 0,8 мың тоннасы – жем-шөпке, ал 15 мың тоннасы картопқа арналған. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Мамиевтің айтуынша, элиталық тұқым егу жалпы егілетін көлемнің 14,2 пайызын құрайды.
Айта кетерлігі, өңірде бүгінде 7 элиталық тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерден дәнді, майлы дақылдардың, жем-шөп және картоп тұқымдарын сатып алуға болады. Қазіргі таңда сатуға дайын тұқым көлемі - 10,3 мың тонна.
«ҚазАгроЭксперт» деректері бойынша, егіс алдындағы тексеріске 54,3 мың тонна дәнді дақыл тұқымы ұсынылып, оның 53,2 мың тоннасы зертханалық сынақтан өткен. Нәтижесінде тұқымдардың 99 пайызы сапалы деп танылды. Биылғы егіс ойдағыдай жүзеге асса, өнімділік те ұлғаяды деп күтілуде.