Биыл ШҚО-ның егістік алқаптары 6,7 мың гектарға ұлғаяды

Фото: agropraktika.com
Биыл облыстағы егістік алқаптардың аумағы 6,7 мың гектарға ұлғайып, 645,1 мың гектарды құрайтын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтсақ, дәнді-бұршақты дақылдар 283,4 мың (жалпы егіс алаңындағы үлесі – 44%), оның ішінде бидай 187 мың, майлы дақылдар 219 мың (33,9%), оның ішінде күнбағыс 200,8 мың, жемшөп 125 мың (19,4%), картоп 11,6 мың (үлесі 1,8%), көкөніс пен қауын-қарбыз 6,1 мың (0,9%) гектарға егілмек.
Күзде мол өнім алу үшін тыңайтқыш себуге баса мән беріліп келеді. Бүгінде минералды тыңайтқыш шығаратын зауыттармен және оларды сатушылармен 13 мың тоннаға шарт жасалды, оның 7 мың тоннасы алынды. Көктемгі егіс жұмыстары басталғанша тыңайтқыштар толық көлемде жеткізілетін болады. Сатылып алынатын тыңайтқыштардың 63%-ы – аммиак селитрасы мен аммофос, олар еліміздегі «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарында өндірілген.
Облыс шаруалары осы жылы 71,8 мың тонна тұқым себуді жоспарлауда, оның 60 мың тоннасы – дәнді дақылдар, 3 мың тоннасы – майлы дақылдар, 0,8 мың тоннасы – жемге арналған дақылдар, 8 мың тоннасы – картоп.