ШҚО-да 14 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді
Фото: Шартты сурет
Өңірде 2022 жылғы деректерге сәйкес егіс алқабының аумағы 642,4 мың га жерді құраған. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар – 285,6 мың га (жалпы алаңның 44%-ы), майлы дақылдар – 209,8 мың га (33%), картоп – 11,8 мың га (1,8%), көкөністер мен бақша дақылдары 17,6 мың га (2,7%) алқапты алып жатыр.
Өткен жылғы егіс жинау науқанында дәнді және бұршақты дақылдардан 528,5 мың тонна, майлы дақылдардан 390,7 мың тонна, картоптан 279,3 мың тонна және көкөністерден 155,3 мың тонна өнім түскен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Өңірде 14 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді, оның 6-уы – элиталық деңгейдегі өнім шығаратын «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы», «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы», «Семена масличных», «Багратион ВВГ ШҚ», «Милейко», «Быструха-Астана» мекемелері.
Облыстың селекция саласындағы соңғы жылдардағы жетістігі ретінде «Нарым», «Бәйтерек С», «Алтын 7» күнбағыс сорттарын, «Отан плюс», «Нұр плюс», «Бірлік КВ» соя сорттарын және «Өскемен» жаздық бидай сортын атауға болады.
Тұқым шаруашылығын қолдау бағытында былтыр 2,4 млрд теңге субсидия жолданған. Бұл салада қабылданған шаруалар тұқым материалының сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар былтыр егінге 31 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілген. Оны субсидиялауға 1,8 млрд теңге жұмсалды.
2022 жылы химиялық өңдеу 579 мың га алаңда жүргізілген. Пестицидтер құнын субсидиялау бағдарламасы есебінен жүргізілген шара үшін 402 мың литр пестицид алынды.