KZ
Өскемен
-26°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
510.95 594.49 6.5

Қасым Қайсенов кентін жылумен қамтуда іркіліс болмайды

17.04.2025, 10:30 453 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында инфрақұрылымдық және мәдени жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

1 және 2-кезектегі жылу желілерін қайта жаңғырту жобасы қыста жылумен қамтуда ақаулар болдырмай, нақты нәтижесін береді. Бұл – тек жайлылық мәселесі ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс.

Сонымен қатар Қасым Қайсенов кентіндегі ауызсу жүйесін жаңғырту жобасы да маңызды бағыттардың бірі болды. Қазір мұнда магистралды су құбыры мен ішкі кварталдық су желілері жаңартылуда. Жобаның басты мақсаты – Қасым Қайсенов кентін Меновное ауылындағы су көздеріне қосу. Бұл ауызсудың кермектілігі мәселесін шешіп, үйлерге тұрақты әрі сапалы ауызсу жеткізуге мүмкіндік береді.

– Қасым Қайсенов кентінде ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Инфрақұрылымдық жобалармен қатар тарихи жадыны сақтау бастамалары да жүзеге асырылуда. Жеңістің 80 жылдығына орай Қасым Қайсенов кентіндегі бір тұрғын үйдің қабырғасына Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке арналған мурал салынады. Бұл заманауи арт-нысан батыр жерлестеріміздің ерлігін жас ұрпақтың жадында сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар Батырлар аллеясы мен ескерткіш стелланы қайта құру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жоба бұл аумақтың келбетін толық өзгертеді – ескерткіш аймақ абаттандырылып, ерекше көрініс алады. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Украинка ауылында ашылатын жаңа музей де тарихи жадыны сақтаудың тағы бір символы болмақ. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл аймақтың мәдени келбетіне жаңа серпін беріп, майдангерлердің ерлік шежіресін болашақ ұрпаққа жеткізуге септігін тигізеді.

Аймақ басшысы ауылдық аумақтарды дамыту тек құбыр тарту немесе асфальт төсеу емес екенін атап өтті. Бұл – инженерлік, әлеуметтік және мәдени бағыттарды біріктіретін кешенді жұмыс.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу