Өскемен жастары «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысты

Фото: Ақорда
Өскеменнің белсенді жастары ел көлемінде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысты. Фестиваль 2024 жылға арналған республикалық экологиялық акцияның қорытындысы ретінде ұйымдастырылды. Табиғатты аялауға сүбелі үлес қосқан ұйымдар мен жекелеген азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Әсіресе, еріктілердің еңбегі ерекше атап өтіліп, олардың экологиялық қозғалыстың бұқаралық сипат алуына қосқан үлесі жоғары бағаланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, экологиялық бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Фестиваль аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Жасыл университет» номинациясымен марапатталды. Бұл марапат оқу орнының экологиялық жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы мен жас ұрпаққа экологиялық сананы дарыту жолындағы еңбегі үшін берілді.
Айта кетейік, Өскемен қаласында «Таза Қазақстан» акциясы кең көлемде өткізіліп келеді. Қалада челлендждер, байқаулар мен флешмобтар жиі ұйымдастырылуда. Жуырда өткен «Таза ойындар» сайысында 21 командадан құралған 80-ге жуық азамат бақ сынасты. Қатысушылар қоқысты сұрыптау мен саналы түрде жинау бағытында да өзара жарысты. Шара нәтижесінде 280 қап қоқыс, 186 кг ірі көлемді қалдық және 265 кг ескі шиналар жиналды.