KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 3 м/с, В
524.66 550.21 5.09

«Таза Қазақстан»: экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған қадамдар

Фото: pexels.com

Бүгін, 13:00 46 Гульжан Мусина

2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған. Үкімет тарапынан мақұлданған құжаттың басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, жас ұрпақты экологиялық біліммен қамту, сондай-ақ табиғатты қорғауға бағытталған қоғамдық бастамаларды жандандыру.

Экологиялық ойлауды қалыптастыру бағытында халық арасында экологиялық жауапкершілікті нығайтуды және табиғатқа ұқыпты қарауды мақсат етеді, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Ақпараттандыру және білім беру бойынша әр деңгейдегі білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбие мен оқыту жүйесін енгізу жоспарланған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 25%-дан 38%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Шығыс Қазақстан облысында экологияны қорғау бағытындағы нақты бастамалар жүзеге асырылуда. Семей мен Өскемен қалаларында көпшілікке арналған жасыл аймақтарды кеңейту, ағаш отырғызу және өзен-көлдердің маңайын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұрғындарды экологиялық өмір салтына бейімдеу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Волонтерлер мен жастар ұйымдары бұл бастамаларды қолдап, белсенді қатысуда.

Жергілікті деңгейде іске асырылып жатқан шаралар Қазақстан бойынша экологиялық мәдениет қалыптастыруға өз үлесін қосады. 2029 жылға қарай мектеп оқушыларының 40%-ын экологиялық білім беру шараларына тарту және азаматтардың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейін 64,7%-ға дейін арттыру жоспарланған.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы халықтың әрбір мүшесін қоршаған ортаны қорғауға тартуға бағытталған. Бұл тек экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, сонымен бірге болашақ ұрпаққа жасыл әрі таза табиғатты сақтауға мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу