KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 3 м/с, В
510.59 578.91 6.37

"Таза Қазақстан" марафоны: елімізде экологиялық апталық басталды

20.04.2025, 16:08 264 Ержан Әбіш

Елімізде 21-26 сәуір аралығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар өтеді. Бұл апталық – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Іс-шаралар марафоны Астана қаласында өткен республикалық экофестивальмен басталды. Экофестивальде еріктілер, белсенділер, стартаперлер мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорын өкілдері бас қосып, бастаманың алғашқы жылы қорытындыланды.

Фестиваль аясында бірнеше байқау жеңімпаздары марапатталады. Атап айтқанда, "Үздік экологиялық білім беру мекемесі", балалар арасында су ресурстарына ұқыпты қарау тақырыбындағы сурет байқауы, "Жасыл Университет" (экология мен орнықты даму бағытындағы ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларына арналған) және "Үздік экологиялық стартап жоба" сынды республикалық конкурстардың жүлдегерлері анықталады.

Бұл эстафетаны еліміздің барлық аймақтары қолдап, өңірлерде 200-ге жуық түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында “Таза аймақ”, “Таза су айдындары”, “Таза бейсенбі”, “Киелі мекен”, “Жасыл аймақ”, “Мөлдір бұлақ” сынды экологиялық акциялар бар. Бұл шаралар елді мекендер мен табиғи аймақтарды тазалауға бағытталған.

Апта соңында жалпыреспубликалық сенбілік ұйымдастырылып, ел бойынша 20 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылмақ. Бұл – елімізді көгалдандыру және жасыл желекті кеңейту жолындағы маңызды қадам.

Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына 6 миллионнан астам адам қатысуда. Бұл – әрбір үшінші қазақстандық. Ортақ күшпен 1,8 миллион гектар аумақ тазартылып, 1,1 миллион тонна қоқыс жиналды, 1,6 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды, 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны қалпына келтірілді.

Айта кетерлігі, «Таза Қазақстан» бастамасы бірреттік науқан емес. Экологиялық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп, оған қатысушылар қатары жыл санап артып келеді. Бастаманың басты мақсаты – экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру және табиғи ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу.

Барша қазақстандықтарды «Таза Қазақстан» бастамасына белсене қатысуға, туған жеріміздің табиғатын қорғауға және еліміздің экологиялық болашағына үлес қосуға шақырамыз!

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу