KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 3 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Өскеменде «Shygys Madeniet Turnir» волейбол жарысы өтіп жатыр (видео)

29.04.2025, 12:30 269 Айна Бакимбаева


Өскемен қаласында креативті индустрия саласында еңбек ететін медиа тұлғалар арасында алғаш рет волейболдан «Shygys Madeniet Turnir» атты аймақтық турнир өтуде. Жарысты Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы облыстық мәдениет басқармасы мен спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Спорттық шараға облыс орталығы мен аудан-қалалардан келген 100-ден астам өнер иесі – асабалар, әншілер, фотографтар, мобилографтар, театр студияларының өкілдері мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

Турнирдің басты мақсаты – шығармашылықпен айналысатын, бірақ ресми тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жеке кәсіпкер ретінде заңдастыру қажеттігін түсіндіру.

— «Бүгінгі шара – Президент Жолдауында айтылған креативті индустрияны дамыту тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Басты мақсатымыз – көлеңкеде қалып жүрген өнер иелерін заңды алаңға шығару. Бұл турнир – оларға қолжетімді ақпарат берудің алғашқы қадамы», — деді ШҚО филармониясының режиссері, креативті индустрия кураторы Нұрлан Серікбаев.

Турнирдің келесі кезеңінде қатысушылармен дөңгелек үстелдер мен түсіндіру жұмыстарымен жалғасын табады. Ал 13 мамыр күні филармония сахнасында «Шоумен FEST» өтеді. Онда үздік шоумен анықталып, 500 000 теңге көлемінде сыйақы табысталады.

Филармония директорының орынбасары Дәурен Әбенов шараның аймақтық шығармашылық қауымдастық үшін маңызын атап өтті.

— «Бұл – шығармашылық адамдарының басын қосатын, өзара тәжірибе алмасуға жол ашатын бірегей алаң. Командалар аралас құрамда: әр топта бес ер адам мен бір әйел қатысушы болуы шарт», — деп түсіндірді ол.

Шараға қатысу үшін үміткерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бұл – ұйымдастырушылардың басты шарттарының бірі болды. Турнир тек спортпен шектелмей, шығармашылық орта үшін жаңа кәсіби байланыстар орнататын алаңға айналды.

— «Осындай шаралар денсаулықты нығайтып қана қоймай, шығармашылық байланыстарды да бекітеді. Волейболмен алғаш рет қатысып тұрмын, ұнап қалды – енді тұрақты айналысамын», — деп бөлісті әсерімен Азат Дауытбеков, филармония командасының мүшесі.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубок және алғыс хаттармен марапатталды. Қаржылай жүлде қарастырылмаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – шығармашылық қауымдастықтың ынтымақтастығын нығайту.

Айта кетейік, шараны өткізуге қалалық әкімдік пен облыстық спорт басқармасы қолдау білдіріп, спорт алаңы, жабдықтар және кәсіби төрешілермен қамтамасыз етті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу