Креативті индустрия орталығының берері мол
Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізінде мәдени құндылықты дәріптеу негізгі мақсаттардың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда цифрлық технология тетігін пайдалана отырып, рухани мұраларымызды жастарға насихаттаудың маңызы артып келеді.
Өңірдің шығармашылық өкілдерімен кездесулердің бірінде облыс әкімі Ермек Көшербаев зиялы қауымның креативті идеялары мен ұсыныстарын тыңдағанды. Еркін форматта өткен кездесуге шығармашылық адамдарымен қатар өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген жастар да қатысқан.
Мәдениет саласының өкілдерін аймақ басшысы креативті бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырған болатын.
Кездесу барысында қатысушылар өздерінің креативті идеялары мен жоспарларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Айтыскер ақын Серік Қуанған ақындардың арнайы орталығы болса деген тілегін жеткізсе, қоғам белсендісі Аян Қалымбек Өскемендегі кинотеатрларда қазақтілді мультфильмдер мен фильмдер жұртқа ыңғайлы уақытта көрсетілсе деген ұсынысын айтты.
Өзге де шығармашылық өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Бүгінгі таңда креативті индустрияны дамытудың маңызы артып келеді. Цифрлық технология тетігі арқылы рухани құндылықтың бағасын арттырып, жаңашыл шығармашылық идеяларды жүзеге асыру мақсатында Өскеменде креативті индустрия орталығы ашылатын болды. Бұл орталықта шығармашылық идеялар шоғыры цифрлық технология тетігі арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.