KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
517.66 606.49 6.44

Қазақстан – түрлі ұлтты бір шаңырақта тоғыстырған ел

1.05.2025, 11:00 469 Арайлым Орсаринова

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, ынтымағы күні. Қазіргі уақытта елімізде жүзден аса ұлт пен ұлыстар тұрады. Барлығы бір шаңырақтың астында береке мен бірлікте тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әрқайсысы Қазақстан Республикасының Ата Заңы негізінде Отанына айналған қазақ еліне қызмет етуде. Айтулы мерекеге орай, тыныс-тіршілігімізбен қоса, іс-әрекеттерімізбен біте қайнасып кеткен бірнеше ұлт өкілін әңгімеге тартқан едік, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі

Өскемен қаласындағы «Кавказ» ансамблінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі, облыстық және республикалық байқаулардың лауреаты Жамал Әскеров, өңіріміздегі әзірбайжан этносы өкілдерінің өмір салты мен әдет-ғұрпы, төл мәдениеті туралы сыр шертті.

 – Біздің отбасы қазақ халқының салт-дәстүрімен жақсы таныс. Мәселен, түбі бір түркі халықтарына ортақ Наурыз мейрамын Әзербайжанда «Новруз байрамы» деп атайды. Онда да бұл мереке жалпыхалықтық сипатқа ие, яғни, кең ауқымда тойланады. Тарихи Отаным – Әзербайжан. Джалилабад ауданындағы Джалаир ауылында туып-өстім. Сонда 12 жасыма дейін тұрдым. Кейін отбасымызбен осында көшіп келдік. Қазір шығыс өңірінде тұратын әзірбайжан диаспорасының төл мәдениетін сақтап, дамытуға үлес қосып жүрмін. Біз өзіндік мәдениетіміз бен асханамызды, сондай-ақ, дәстүрімізбен қоса, ана тілімізді көздің қарашығындай сақтап келеміз. Десе де, жан-жүрегіміз «қазақ» деп соғатыны ақиқат,  – дейді Жамал Әскеров. 

 Айтуынша, балалары өз ана тілдерін әсте ұмытқан емес. Қазақ, орыс тілдерімен қатар меңгерген. Жамалдың өзі көп жылдар бойы «Достық үйі  –  қоғамдық келісім орталығындағы» әзірбайжан этномәдени бірлестігіне жетекшілік еткендіктен, өмірде де, өнерде де басқа ұлт өкілдерімен етене жақын араласып, сыйласып кеткен. 

  – Жалпы, қазақстандық көп этнос өкілдерінің бірі ретінде айтарым, ең алдымен, қазақ халқының төл мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеуіміз керек деп білемін. Елімізде тұрып жатқан барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне құрмет көрсетіп, сыйластықта, береке мен бірлікте өмір сүргенге не жетсін! Сондықтан әрбіреуіміз өз еліміздің патриоты болуға тиіспіз, – дейді ол.  

 Айта кетейік, Жамал Әскеров құрамында қазақтар, орыстар, әзірбайжандар, армяндар мен шешендер, татарлар, сондай-ақ, пәкістандықтар, түріктер мен өзбектер, яғни 12-ден астам жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын, облыстық және республикалық, халықаралық фестиваль жеңімпаздары – «Кавказ» лезгинка мектебінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі. Аталмыш лезгинка мектебі 2012 жылдың 5 наурызында ашылған. Бүгінгі таңда ансамбльдің 65-тен астам мүшесі бар. Негізгі зал облыстық Пушкин атындағы кітапхана маңайында орналасса, ал «ЖМК» ауданы, Защита, Согра, Аблакетка сияқты шағын аудандарда, сондай-ақ, Қасым Қайсенов кентінде филиалдары жұмыс істейді. Бұл күнде тау халықтарының танымал биіне қызығып, үйренуге құлшыныс білдірген 400-ге жуық шәкірт бар екен. 

 – Есімде қалғаны, Тұңғыш Президенттің алдында өнер көрсетуім. Сол кезде мені қолпаштап, қошеметтегенін ерекше тебіреніспен еске аламын. Ал Қазақстан Республикасы азаматтығын алуым – осы елде жайлы өмір сүруімнің кепіліне айналды. Бұл мен үшін зор қуаныш, – дейді Жамал Әскеров.  

Осылайша, Жамал Әскеров барша жұртты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

 – Бір шаңырақтың астындағы халықтар достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғаса берсін! Бұл мереке бірлік пен достықтың символы ғана емес, Қазақстанды «Отаным» деп санайтын барша ұлт өкілдерінің мәдениетіне, тіліне, ділі мен дініне деген құрмет пен сыйластықтың көрінісі. Осындай үйлесімділікте ары қарай өмір сүре берейік! Еліміз көркейіп, мәңгі жасасын! – деді ол. 

Бүгінгі таңда елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдері бірлігі мен ынтымағы жараса тұрмыс кешуде. Олардың тілі басқа болғанмен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір. Осындай жандар арасында бір-бірімен көңілі жарасқан интернационалды отбасылар да аз емес. Сондай кішкентай мемлекеттің бірі – Аян мен Лина Қабышконовтардың отбасы. Олар Үлкен Нарын ауданына қарасты Солдатово ауылының тұрғындары. Линаның ұлты – татар. Мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Ал жолдасының өз кәсібі бар. Қазіргі уақытта жас отбасы бес жасар Ильнур есімді ұл өсіріп отыр.  

 

 – Қазақ отбасының келінімін. Осындай жүздері жылы, тату отбасында өмір сүріп жатқаным үшін тағдырыма ризамын. Біз мемлекеттік, ұлттық мерекелерді елеусіз қалдырмаймыз. Ал халықтық мерекелерге белсене қатысамыз. Мысалы, екі халыққа да ортақ Наурыз – көктем мен жаңарудың мейрамы. Бұл жан дүниемізге жақын, дәстүрлерімізбен сабақтас, тамаша мейрам. Біз күйеуім екеуіміз әрдайым үлкендерді құрметтеп, барлық жағынан бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Ұлымыз өсіп келеді. Оны жастайынан өн бойымызда бар жақсы қасиеттерге баулып, адамгершілігі мол, рухани бай, иманды, білімді ер-азамат болып өссін деп тәрбиелеп келеміз, – дейді Лина Қабышконова. 

Айтуынша, өзі туып-өскен отбасы қазақ-орыстармен біте қайнасып кеткендіктен, татар ұлтына тән кейбір салт-дәстүрлер ұмытыла бастаған. Сонда да Лина халық әндерін тыңдап, әрі тәтті бәліш пісірген кезде, өзінің ұлттық болмысын жақсы сезінетінін айтады. Жақындарына татар халқының хош иісті, әрі дәмі тіл үйіретін эчпочмак, чак-чак сияқты ұлттық тағамдарын әзірлеп беруді ұнатады екен. Өз ана тілін жақсы білмесе де, ұлтын мақтаныш тұтады. 

 

 – Менің ойымша, туыстас қазақ және татар ұлтына тән құндылықтар көп. Мәселен, үлкенге деген құрмет, отбасындағы туыстық қарым-қатынастар. Қонақжайлылық пен кеңпейілділік, ел мен жерге деген сүйіспеншілік. Екі ұлттың мәдениетінде де бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына ерекше мән беріледі. Әрине, өзіндік салт-дәстүрі мен әдебі, асханасы мен ұлттық киім кию үлгісінде айырмашылық бар. Әйтсе де, түркі тектес халықтарға ортақ дүниетаным мен мәдениет екі ұлтты жақындастырып, өзара ынтымақтастығын нығайта түседі, – дейді Лина Қабышконова. 

Ол бос уақытында кітап оқып, шығармашылықпен айналысады. Бұған қоса ауданның қоғамдық-мәдени өмірінен де шет қалған жоқ. Оны ауылдар мен аудан орталығында өтетін мерекелік іс-шараларға жүргізуші болуға жиі шақырады.  

 – Бұл маған адамдармен жақын араласып, дәстүрлі мәдениетті ұлықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қоса ондай ортада қуаныш пен бірліктің атмосферасы сезіледі, – дейді ол. 

Сөз соңында Лина барша жұртты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, әрбір жанға саулық, отбасына амандық, мол жақсылық пен құт-береке тіледі.

Өскеменде тұратын тағы да бір интернационалды отбасы – көпбалалы Джошгун Алтыевтың отбасы. Джошгун мен Дамираның шаңырақ құрғандарына 10 жылдан астам уақыт болды. Бүгінгі таңда олар бес баланың ата-анасы атанып, ұл-қыздарын тәрбиелеп отыр. Айтуларынша, интернет желісі арқылы танысып, үйленген. Джошгунның ұлты – түркімен. 

– Жолдасыма еріп, Түркіменстанға барғанымда, ұзын етекті көйлек киіп, басымдағы жаулықты шешпедім. Күйеуімнің туыстары тұрмыстағы келіншектердің киіміне, жүріс-тұрысына қатысты қатаң талап ұстанатындарын түсіндірді. Біраз уақыттан соң елге оралдық. Екеуіміз ақылдаса келе, Қазақстанда тұрамыз деп шештік. Басында менің туыстарым шетел азаматына тұрмысқа шықаныма наразылық білдіргендерімен, кейін тіл табысып, жақын араласып кетті, – дейді Дамира Айтахметова. 

Ол Джошгунның еті тірі, шаруаға епті екенін алға тартты. Бұл күнде ойға алған әр істің берекесін кіргізіп, отбасын асырап жүрген жайы бар екен. Қазақ тілін де жақсы меңгеріп алыпты. Сондай-ақ, Дамира жолдасының сыртқы түр-келбетімен ерекшеленетіні болмаса, ішкі болмысымен қазақ азаматтарынан еш айырмашылығы жоғын айтады. Ал интернационалды отбасында туған балалар, шыққан тектерін ұмытпай, екі халықтың да мәдени құндылықтарын бойға сіңіріп өсіп келеді.  

– Күннен-күнге өркендеп, көркейіп келе жатқан елімізге мемлекеттік Туымыздың түсіндей ашық аспан тілеймін. Елімізде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті тұратыны барлығымызды қуантады. Әр шаңыраққа құт-ырыс пен бақ, береке қонсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!  – деп, Дамира Айтахметова көпшілікті мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. 

Бүгінде еліміздегі әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртып, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, өз тілін емін-еркін меңгеруге қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі қоғам¬дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау жолында стратегиялық бағыттың дұрыс екенін көрсетіп, мемлекет тарапынан ұлтаралық қатынастарды реттеуге қолайлы жағдай жасалуының арқасында жүзеге асып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу