Бірлік пен татулық – еліміздің басты құндылығы
gov.kz
Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып отыр. Сол себепті де 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні ретінде атап өтіледі.
Бұл күн – Қазақстан халқы үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірінде 1 мамыр кең көлемде тойланады. Мерекенің мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Жыл сайын бұл атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері қасиетті қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанын тойлайды. Этностарды бұрынғыдан да жақындастыру мақсатында бүкіл ел бойынша жаппай патриоттық шерулер ұйымдастырылады. Бүгінде әрбір ұлттық-мәдени орталық бұл мейрамда ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мерекеде дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетеді. Сондай-ақ, халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар өтеді.
1995 жылдың наурыз айында ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – өзге елдерде баламасы жоқ, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея әрбір ұлттың салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, ана тілінің жетілуіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып табылатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлт өкілдері тұрады. Бүгінде олар достық туын жоғары ұстап, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Гүлнұр Садық,
Өскемен қаласы мамандандырылған
тергеу сотының бас маманы