Мырзат ауылында боздақтар рухына тағзым жасалды (видео)

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында, Ұлан ауданына қарасты Мырзат ауылында ел жадында мәңгілік сақталатын елеулі оқиға өтті. Ауыл тұрғындары мен алыстан келген ұрпақтар бас қосып, майданнан оралмаған боздақтардың рухына тағзым етіп, жаңартылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына куә болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кезінде Есмұхамет Бәкімбайұлы, Қабимолда Ақмолұлы, Қадылбек ақсақал сынды ауыл қарияларының бастамасымен, майдан даласында мерт болған боздақтардың аты қашалып жазылған ескерткіш тақта алғаш рет 1991 жылы қойылған еді. Отыз жылдан астам уақытта сол белгі тозып, қайта жаңартуға мұқтаж болды.
Ұлан жері – тарихта аты қалған талай батырдың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Осы ауданнан тоғыз Кеңес Одағының Батыры мен бір Халық Қаһарманы шыққан. Бұл – ел үшін жанын пида еткен ерлердің топырағы. Мырзат ауылынан майданға аттанған әр азамат – осы қасиетті жердің перзенті.
Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «біз соғыста өлім мен өмірдің ортасында жүрсек те, қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін болды. Ең ауыр салмақты ауылда қалған аналар мен балалар көтерді. Күндіз колхоздың жұмысында жүріп, түнде бізге жылы шұлық тоқып, тамақ дайындап жіберіп отырды», – деген естеліктер елдің жүрегін тербеді.
Осы ауылдың тумалары, бүгінде Алматы, Өскемен қалаларында тұрып жатқан Сейітжан Есмұхаметұлы, Еркінбек Мұқатайұлы, Серік Құмарұлы, Тоқтарбек Сұлтанұлы, Орынбек Шәріпұлы және ауыл тұрғындары Оралғазы Нұралыұлы, Құмарғазы Төлеуханұлы аталары жайлы естелік айтып, шараға жиналғандар боздақтардың рухына бағыштап құран оқытты.