KZ
Өскемен
-22°
туман Штиль
505.71 591.43 6.65

Ұлттық ұлан жауынгері қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы атанды

5.05.2025, 18:00 383 Гульжан Мусина

Қырғызстанның Ош қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионатында Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Медет Сәметаев 97 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алып, Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Байрақты бәсекеге Азияның әр түкпірінен келген 300-ден астам балуан қатысты. Медет Сәметаев үш жекпе-жекте де қарсыластарынан басым түсіп, финалда қырғыз спортшысымен белдесті. Өз елінде жанкүйерлердің үлкен қолдауына ие болған қарсыласын тізе бүктіріп, Қазақстанның көк туын көкке көтерді.

– Бұл – оңай келген жеңіс емес. Әр қарсыласым осал болмады. Ақтық белдесу Қырғызстанда өткендіктен, қырғыз балуанына жанкүйерлік ерекше болды. Соған қарамастан, ел үмітін ақтап, чемпион атандым, – деді капитан Медет Сәметаев.

Аягөз қаласының тумасы Медет спортпен 15 жасынан бері айналысады. Бұған дейін де түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген ол алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ, аталмыш чемпионатқа қатысқан тағы бір өскемендік – аға лейтенант Алишер Авдонин 54 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленді. Азия чемпионы атанған жауынгерлерді Өскемен теміржол вокзалында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде қарсы алды. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу