Өскеменде қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті
Ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 25 жыл толуына орай Өскеменде қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті. Жарысқа елдегі күштік құрылымдардың он жеті құрама командасы, яғни жүзден астам спортшы қатысты. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен спорт шеберлері де бар. Қатысушылар тек мықтыны анықтап қана қоймай, боз кілемде бақтарын сынап, әскери біліктіліктерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тартысқа толы дода «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиевтің салтанатты ашылуымен басталды.
Республикалық сайыста 73 келі салмақ дәрежесінде арнайы жасақ намысын қорғаған Азамат Байғожин қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. 5518 әскери бөлімінің қызметкері турнирге тың дайындықпен келген.
Дүбірлі дода қорытындысы бойынша командалық есепте Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының арнайы жасағы бірінші орынды жеңіп алды. Қызу тартысқа толы республикалық жарыста сегіз салмақ дәрежесі сарапқа салынып, жеңімпаздарға медальдар мен дипломдар табысталды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі