Зайсандағы жұқпалы аурулар бөлімінің жөндеу жұмыстары шілдеде аяқталуы тиіс
Шілде айының ортасына дейін Зайсан аудандық ауруханасы жанындағы жұқпалы аурулар бөлімінің күрделі жөндеуі аяқталуы тиіс. Наурыз айында басталған құрылыс барысында нысанның сейсмологиялық беріктігі күшейтіліп, кәріз жүйесі ауыстырылған. Қазір мердігерлер шатырын жабуға кіріспек. Бұл туралы ШҚО әкімінің Зайсандағы іссапары барысында мәлім болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысанда болып, тапсырылу мерзімі таяғанын еске салды.
Жөндеу кезінде бөлімше уақытша жабылып, науқастар аудандық аурухананың негізгі ғимаратына ауыстырылған.
Аймақ басшысы аудандық аурухананың жалпы жай-күйін де қарап шықты. Қабылдау бөліміндегі қозғалысқа кедергі келтіретін жағдайларды назарға алды. Бас дәрігер Жексенбай Тілеубердиннің айтуынша, мекемеде кадр мәселесі өзекті.
Нұрымбет Сақтағанов еңбек қатынасындағы әділдік пен жас мамандарға қолдау қажет екенін атап өтті.
Фото: Махаббат Ахметжанова











