Отбасылық құндылық: ауыл кәсіпкері қос ұлымен бірге қалай табыс тауып отыр? (видео)
Глубокое ауданының Ново-Ульбинка ауылында тұратын Азамат Кенжеханның отбасы бұл ауылға сегіз жыл бұрын Үлкен Нарын ауданынан көшіп келген. Жаңа мекенде «нар тәуекел» деп кәсіп бастаған отбасының шағын бизнесі бүгінде әжептәуір табыс әкеліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылы Азамат Кенжехан «AMANAT» партиясының Глубокое аудандық филиалына жүгініп, құс өсіру бағыты бойынша жеңілдетілген несие рәсімдеуге көмек сұраған. Партия қолдау көрсетіп, жоба мемлекеттік бағдарламаға енгізілгеннен кейін Азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 25,2 миллион теңге көлемінде қаржылай көмекке ие болды. Бұл қаражатқа жазғы және қысқы құс қораларын салып, инкубаторлар, мұздатқыштар, ет өңдеуге арналған жабдықтар және қаптама әзірлеуге қажет құрал-жабдықтар сатып алған.
Қазіргі таңда Кенжехан отбасының кәсібі «AbiNar» атауымен ресми тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативіне айналды. Бұл атауда ерекше мән бар: құс өсіруге Азамат пен жұбайынан бөлек, егіз ұлдары – 11 жастағы Әбілхан мен Нариман да белсене қатысуда. Сегіз жасынан еңбекке араласқан балалар құстарды бағып-күтіп, жем беріп, қозғала алмай қалған бройлерлерді аударып, сабақтан бос уақыттарында шаруашылықтың басы-қасында жүруді әдетке айналдырған.
AbiNar атауы – еңбекқор егіздердің есімдері Әбілхан мен Нариманның қосындысы.
Бүгінде ұлдар өз еңбегі үшін нақты еңбекақы алып, оны мақсатты түрде жұмсап келеді: алғашында велосипед, кейін смартфон сатып алған, енді қуатты компьютер алуды армандайды. Олар өздері сатып алған заттарын мақтанышпен емес, еңбектерімен тапқанына қуанып: «Өз күшімізбен таптық», – деп айтады.
Еңбекқорлық пен ұйымшылдықтың, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын бастама табысты кәсіпке айналған.
Бұл кәсіпке отбасының барлық мүшесі атсалысуда. Ерлі-зайыптылармен бірге балалардың нағашы әжесі, отбасындағы ақылшы әрі тәрбиеші Ания Садыққызы да шаруашылыққа белсенді араласады. Әуелде немерелерінің жұмысқа араласқанына алаңдаған әже бүгінде ферманың тіршілігін бақылап, істің жүйелі жүруіне үлес қосып жүр. Апаларының тәрбиесінің арқасында балалар еңбекке ғана емес, отбасылық құндылықтар мен дәстүрді де қадірлеуді үйреніп келеді.
Қазір кооператив көтерме саудамен айналыспаса да, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсенді қатысады. Өнімдерін Өскемен мен Глубокое ауданындағы тұтынушыларға тапсырыспен жеткізеді. Тұрақты тұтынушылары тауардың табиғилығы мен ерекше дәмін жоғары бағалайды. Кейбір тұтынушылар тіпті: «Қалалық қаптамамен емес, әжеден, ауылдан келгендей шелекке салып әкеліңіздерші» деген өтініш білдіріп жатады.
Бұл – жай ғана отбасылық шаруашылық емес, ұрпақ тәрбиесі мен еңбекті қадірлеудің жарқын үлгісі. Осындай іскер отбасылар – ауылдың тірегі, елдің болашағы. «AMANAT» партиясының Глубокое аудандық филиалының басшысы Анна Кузнецова да мұндай азаматтарға қолдау көрсету жалғаса беретінін атап өтті.