KZ
Өскемен
-4°
туман жел 1 м/с, В
508.3 592.17 6.63

Қоғамдық қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет: құқық қорғау органдары есеп берді (видео)

9.06.2025, 14:15 223 Жанаргүл Көкенайқызы

Шығыс Қазақстанда соңғы он жылда қылмыс деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен биыл интернет-алаяқтық 30 пайызға, ал жасөспірімдер арасындағы қылмыс 23 пайызға өскені тіркелген. Бұл деректер облыста өткен «Заң және тәртіп: өзара іс-қимыл басымдықтары және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту» атты кеңейтілген отырыста айтылды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Кеңес жұмысына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері және белсенді азаматтар қатысты.

Облыс прокуроры Алмат Байшолақовтың айтуынша, өңірде заңдылықты сақтау мен қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақты нәтижелер де бар.

- Жыл басынан бері 32 мыңнан астам адамның құқығы қорғалды. Бюджетке 1 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды. 570 қызметкер мен жұмысшының еңбекақы қарызы өтеліп, 102 миллион теңге көлемінде жалақы қайтарылды. Шағын және орта кәсіптегі 800-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды. 500-ден астам негізсіз тексеруге жол берілмеді, – деді Алмат Байшолақов.

Оның айтуынша, қаржылық қылмыстардың алдын алу үшін өңірде жаңа құрылымдар жұмыс істей бастады.

- Киберпол құрылды, алаяқтардың заңсыз шоттары бұғатталып жатыр. Алаяқтарды анықтайтын цифрлық платформалар іске қосылды. Сонымен қатар, халықтың қаржылық және құқықтық сауатын арттыруға арналған оқыту шаралары өткізілуде, – деді ол.

Алайда, интернет-алаяқтық фактілері азаймай тұр. Былтыр осы кезеңде 573 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелсе, биыл олардың саны 743-ке жетті.

Жиында жасөспірімдер қылмысының да артып отырғаны айтылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағытта мектептер мен жастар ұйымдарының көмегіне сүйену қажет екенін алға тартты.

Басқосу барысында №39 мектептің оқушысы Әлия Жеңісбекова «Мектепке қауіпсіз жол» жобасын таныстырса, Самар ауданынан келген оқушылар «Қауіпті нысандардың бірыңғай электронды картасы» жобасын ұсынды. Мұндай бастамалар жастардың қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамайтынын көрсетті.

Кеңес отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдағы сөзіне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіпті құқықтық мемлекеттің негізі деп атап көрсетті. Өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Заң мен тәртіп – біздің басты мақсатымыз әрі тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әрбір азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп» – деп, қоғам үшін өзекті мәселелерге нақты тоқталды. Сондай-ақ еліміздің болашағына қатысты шешуші бағыттарды айқындап берді, – деді кеңес отырысында облыс әкімі.

Облыс басшысының айтуынша, заң мен тәртіп қағидаты – елдегі тұрақтылықты, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты тетік. Бұл – құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктейді.

– Қоғамда өзара түсіністік пен сенімді арттыру, ұлттық бірлік пен әлеуметтік әділеттілік негізінде мемлекетімізді нығайту – Ұлттық құрылтайда көтерілген басты тақырыптардың бірі. Ал 2025–2030 жылдарға арналған кешенді тұжырымдама азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, заңға деген құрметін күшейтуге бағытталған. Бұл істе жергілікті полиция жұмысының тиімділігін арттыру маңызды рөл атқарады, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыста құқық қорғау саласын қолдауға бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді.

– Өңірдегі полиция департаментінің жұмысын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 2024 жылы облыстық бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 14,8 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл қаржы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Биыл өңірде нашақорлыққа қатысты қылмыстар азайғанымен, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көбейгені байқалып отыр. Бұл – қоғам мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, ерекше назар аударатын мәселе.

«Әділетті Қазақстан» қағидатын жүзеге асыру жолында басты міндеттердің бірі – елдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Құқық қорғау органдары бұл бағытта жастармен, мектептермен, оқу орындарымен және қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтуде. Мамандардың айтуынша, қоғамдағы әр азамат заң мен тәртіпке құрметпен қарап, жастар арасында құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алуға белсенді атсалысса, қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыруға болады.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу