KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 3 м/с, В
520.93 609.07 6.68

Алтай төсіндегі фестивальға 6 мыңға жуық адам қатыспақ (видео)

13.06.2025, 15:30 165 Айдос Мырзахметов

 

Төр Алтайдың төсінде өтіп жатқан фестивальдің көркемдігі жайлы осыған дейінгі мақалаларымызда тоқталып өттік. Десе де, бюджет есебінсіз, кәсіпкерлердің арқасында ұйымдастырылып жатқан ауқымы кең, аясы зор шараның қызықты деректерімен бөліскенді жөн санаймыз, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі. 

Фестивальмен қатар облыстың барлық шабармандары мен жүйріктерінің басын қосып жатқан XXIII халықтық ойындар өтіп жатыр. Бұл шараны өткізу үшін аудан орталығындағы ипподром толықтай жаңартылған. Бұл атшабар орын осыған дейін тозып, халі өте мүшкіл жағдайға жеткен. Ипподром алаңын жөндеуге аудан тұрғындары түбегейлі кіріскен. Алаңнан сегіз жүк көлігіне шақ келетін тас шығарылып, беткі қабаты толықтай сүріліп, жұмсақ жабын жайылған. 

– Фестивальға дайындық барысында аудандық кәсіпкерлерімен заман талабына сай тұрғыда толықтай жаңартылды. Ауданның мәдени, спорттық өмірінің өресі арта түскені қуанышты жағдай. Мың адамнан астам көрермен сыйғызатын иппордромға бюджет қаражатынан ақша шығарылмады. Ауданның төрт кәсіпкері бірігіп, 10 миллион теңгеден қаражат құйды. Мұнда тек аудандық емес, облыстық кәсіпкерлердің де сүбелі үлесі бар. Жалпы құрылысқа екі мердігер топ қатысса, аудан тұрғындары, ауылдық округтердің азаматтары да тазалық жұмыстарына белсенді араласты, – дейді Катонқарағай ауданы ішкі саясат, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнар Жақсылықова. 

Дайындық жұмыстар тек аудан орталығында ғана емес, Катонқарағай ауылдық округінде де жүргізілген. Республикалық маңызы бар тас жол бойындағы аялдамалар жаңартылып, қоршаулар қойылған. Катонқарағай ауылының эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында «Катонқарағай ауданын тұрақты дамыту қорымен» бірге дизайн коды жасалған. Мұнда әрбір салынатын, не жөндеу көретін ғимарат бірегей дизайнмен жобаланады. Қазіргі аудан әкімдігі, прокуратура, полиция, сот ғимараттары жаңа дизайн үлгісінде үйлестірілген. Бұдан бөлек кәсіпкерлер демалыс орындары, қонақ күтетін орындар, дүкендер мен мейрамханалардың қасбетін бірегей стильмен жасауды қолға алған. 

– Аудан кәсіпкерлері 2019 жылы «Катонқарағайды тұрақты дамыту қорын» құрып, екі құрылтайшысын Серік Толықбаевты және Қайрат Ахметовті тағайындады. Қордың мақсаты – ауданды тұрақты дамыту, әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыру, білім мен медицина салаларын жетілдіру. Біз жыл сайын атаулы бағдарламаларға 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалып келеді. Кәсіпкерлер жыл сайын жазғы іс-шаралар легін кеңінен қолдап келеді.

Әрбір ауылдық округ жанында аялдамалар бар. Ауылдың эстетикалық келбетін жақсартып, мал кірмеу үшін қоршаулар ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер алдағы жылдары да тұрақты даму жобаларын қолдауды жалғастырады. Жергілікті халықтың өз аудандарын дамытуда көтерген бастамаларын қолдай бермек, – дейді қор жетекшісі Серік Жүнісов. 

Айта кету керек, фестиваль аясында қонақтардың ыңғайлы, еркін қозғалысы үшін барлық дүкендерге арнайы QR-кодтар қойылды. Оны сканерлей отырып туристік маршруттар туралы ақпарат алуға болады. 

Бұдан бөлек фестиваль өтетін аумақта облыс аудандары 20 киіз үйден тұратын көрме аймағын, 17 киіз үйден тұратын тамақтану және демалыс аймағын, сондай-ақ 21 шатыр-кэмпингтен тұратын арнайы қонақжай кеңістікті ұйымдастырды. Бұл алаңда 7 баған орнатылып, жарықтандырылды, тазалық орындары қойылды, әрбір киіз үйге жарық тартылды, сонымен қатар іс-шара аумағына су тартылды.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу