KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл

24.12.2025, 11:30 62 Ержан Әбіш

2025 жылы Қазақстан Қарулы күштерінде және ел көлемінде даңқты қолбасшы, әскери стратег, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған ауқымды іс-шаралар өткізілді. Мерейтой аясында әскери бөлімдерде, білім беру ұйымдарында, мәдени мекемелерде патриоттық кездесулер, дәрістер, еске алу кештері мен ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылғы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қарабастау ауылында дүниеге келді. Балалық шағынан еңбекқорлыққа, тәртіпке және білімге ұмтылған ол елге қызмет етуді өмірлік мақсат етті. 1932 жылы әскер қатарына шақырылып, Орта Азия әскери округінің 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші таулы атқыштар полкінде бір жылдық курсты аяқтағаннан кейін взвод командирі болып тағайындалды.

1936 жылы Қиыр Шығыста 105-ші атқыштар дивизиясының 315-ші атқыштар полкінде артиллериялық дивизион командирі қызметін атқарды. 1938 жылы Хасан көлі маңында жапон милитаристерімен болған шайқастарға қатысып, жауынгерлік тәжірибесін шыңдады. 1940 жылғы ақпанда Киев айрықша әскери округіне ауыстырылып, 24-ші атқыштар дивизиясының 406-шы атқыштар полкінде штаб бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Ал 1941 жылғы қаңтарда Орта Азия әскери округіне жіберіліп, Қазақ КСР әскери комиссариатының әскерден тыс даярлау бөлімінде аға нұсқаушы болып еңбек етті.

Ұлы Отан соғысы басталған кезеңде генерал Иван Панфиловтың қолбасшылығымен құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы Волоколамск бағытында Мәскеуді қорғауда айрықша ерлік көрсетті. 1941 жылғы 16–18 қарашада аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон Матренино ауылы маңында дивизиядан бөлініп, жаудың басым күшіне қарсы жанқиярлықпен қорғаныс жүргізді. Оның шебер тактикалық шешімдерінің арқасында жау үш күн бойы тоқтатылып, төртінші күні батальон қоршаудан аман алып шығарылды.

Бұл ерлік әскери тарихта үлгі ретінде бағаланып, Бауыржан Момышұлының қолбасшылық қабілетін айқын көрсетті. Қараша айының соңында ол полк командирі болып тағайындалды. Капитан Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше рет ұсынылғанымен, бұл жоғары марапат оған тек қайтыс болғаннан кейін ғана берілді.

1945 жылғы қаңтарда К.Е. Ворошилов атындағы Жоғары әскери академия жанындағы офицерлер құрамын жетілдіру курстарын тәмамдаған соң, 2-ші Балтық майданының 6-шы гвардиялық армиясы құрамындағы 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болып тағайындалды. Алайда 1945 жылғы 28 қаңтардан бастап соғыс аяқталғанға дейін дивизия командирінің міндетін тікелей атқарды.

1946 жылы К.Е. Ворошилов атындағы Жоғары әскери академияда білімін жалғастырды. Ал 1950 жылғы қарашадан бастап В.М. Молотов атындағы Кеңес армиясының тыл және жабдықтау әскери академиясында жалпы тактика және операциялық өнер кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарып, болашақ офицерлерді тәрбиелеуге үлес қосты.

1955 жылғы желтоқсанда запасқа шығарылған соң Алматы қаласына оралып, өмірін толығымен әдеби шығармашылыққа арнады. Оның «Артымызда Москва», «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сынды еңбектері қазақ әскери прозасының алтын қорына енді. Батырдың еңбектері жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен адалдыққа тәрбиелеуде ерекше маңызға ие.

Бауыржан Момышұлы 1982 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында өмірден өтті. Ол Кенсай зиратына жерленді. 1990 жылғы 11 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, оның ерлігі мен еңбегі әділ бағасын алды.

Аңызға айналған қолбасшының өмір жолы мен ерлігі – бүгінгі және келер ұрпақ үшін елге қызмет етудің, патриотизм мен рухтың мәңгілік үлгісі болып қала береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу