KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Милан мен Кортинаға бастар жол: Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиадаға қарқынды дайындық үстінде

Кеше, 11:45 63 Базарова Айгүл

2026 жылғы Қысқы Олимпиадалық ойындарына санаулы уақыт қалды. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан атынан қатысатын спортшылар қазірдің өзінде халықаралық ареналарда бақ сынап, олимпиадалық лицензиялар үшін күрес жүргізіп жатыр. Ел құрамасы сапында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері де бар. Бүгін өткен ШҚО әкімдігінің отырысында Қысқы Олимпиада ойындарына өңірдің дайындық барысы баяндалып, алдағы міндеттер ауқымы пысықталды, деп хабарлайды Altainews.kz. 

2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиадалық ойындар – әлемдік спорттағы ең ауқымды әрі беделді жарыстардың бірі болмақ. Биылғы додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиада бағдарламасына 16 қысқы спорт түрі енгізіліп, жалпы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы Пекин Олимпиадасымен салыстырғанда жеті медальға артық.

Қазақстан ұлттық құрамасы үшін бұл Олимпиадаға дайындық жүйелі әрі кешенді түрде ұйымдастырылған. Әрбір үміткер спортшыға жеке жоспар жасалып, оған жалпы және арнайы физикалық дайындық, техникалық-тактикалық машықтарды жетілдіру, халықаралық рейтингтік жарыстарға қатысу, сондай-ақ тереңдетілген медициналық бақылау енгізілген.

Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар Әлем кубогы кезеңдерінде және халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап жүр. Дәл осы жарыстарда жинаған рейтинг ұпайлары мен көрсеткен нәтижелер олимпиадалық лицензия тағдырын шешеді.

Шорт-трек пен фристайлда үміт зор

Ұлттық шорт-трек құрамасы Әлем кубогының барлық кезеңдерін аяқтады. Соңғы IV кезең 30 қарашада Нидерландтың Дордрехт қаласында өтті. Алдағы уақытта Олимпиадаға жолдама алатын спортшылардың нақты тізімі белгілі болады. Бұл тізімде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген Құмарқан Зейнептің есімі аталуына үміт зор.

Фристайл-могул спортшылары үшін де маңызды кезең алда. Олар Финляндия, Канада және АҚШ-та өтетін Әлем кубогының үш кезеңіне қатысады. Қазақстан құрамасы сапында әлемдік ареналарда өзін дәлелдеп жүрген тәжірибелі спортшылар бар. Атап айтқанда, әлем чемпионаттары мен Әлем кубогының жүлдегерлері – Юлия Галышева, Анастасия Городко, Павел Колмаков, Аяулым Әмренова, Антон Бондарев пен Фёдор Бугаков халықаралық рейтингте жоғары орындарды иеленіп келеді. Биыл фристайлшылар 12 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Әлем кубогының алты кезеңіне қатысқан.

Биатлон, шаңғы және трамплиннен секіру

Биатлоншыларды алты Әлем кубогы кезеңі мен IBU бақылауындағы алты халықаралық турнир күтіп тұр. Жарыстар Еуропаның жетекші спорт орталықтарында – Швеция, Австрия, Франция, Германия, Чехия, Италия, Норвегия және Швейцарияда өтеді. Ұлттық құрама сапында Полторанина Ольга, Акимов Никита мен Гребенщиков Егор тұрақты дайындық жүргізіп жатыр.

– Шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрамасы Финляндия, Норвегия, Швейцария және Италиядағы Әлем кубогының бес кезеңіне қатысады. Бұл сында Шығыс Қазақстан облысының өкілі Исабек Ильясқа үлкен сенім артылып отыр. Трамплиннен секірушілер үшін маусым одан да тығыз. Олар 2025 жылғы 20 қарашадан 2026 жылғы 18 қаңтарға дейін 12 Әлем кубогы кезеңіне, сондай-ақ континентальдық және халықаралық турнирлерге қатысады. Құрама сапында өңір намысын қорғап жүрген Сергей Ткаченко да лицензия үшін күресті жалғастыруда, - ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аида Жұханова.

Материалдық-техникалық және медициналық қолдау

Спорт басқармасы атап өткендей, Олимпиадаға үміткер спортшыларды дайындау үшін барлық жағдай жасалған. Спортшылар ай сайын қаржылай қамтамасыз етіледі, өңірдегі жаттығу базаларына еркін қол жеткізеді, заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. 2024–2025 жылдары ғана жалпы құны 100 млн теңгеден асатын спорттық жабдықтар сатып алынған.

Сонымен қатар, іс-сапар шығындары мен спортшылардың ай сайынғы қаржылай қамтамасыз етілуіне 82,9 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Спортшылардың қалпына келуі мен денсаулығын бақылау мақсатында дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда барокамера, крио-сауна, тұзды бөлме, физиотерапиялық және диагностикалық құрал-жабдықтар, зертхана толыққанды қызмет көрсетуде.

Милан мен Кортина-д’Ампеццоға апарар жол оңай емес. Дегенмен жүйелі дайындық, тұрақты қолдау мен халықаралық тәжірибе қазақстандық спортшылардың Олимпиадада ел намысын лайықты қорғауына берік негіз бола алады. Ал Шығыс Қазақстаннан шыққан саңлақтар бұл жолда өз үлесін қосуға әзір.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу