Өмір сыйлаған ерлік: 41 рет қан тапсырған донор марапатталды (видео)
Жыл сайын 14 маусымда әлем елдері Дүниежүзілік донор күнін атап өтеді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығында «Қан тапсырып, үміт сыйлаңыз!» ұранымен Ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл мереке 20 жылдан астам уақыт бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай халықаралық федерациясы, халықаралық қан құю ұйымы мен халықаралық донорларды даярлау федерациясының бастамасымен бекітілген. Алғаш рет 2005 жылы ресми түрде аталып өткен бұл күннің басты мақсаты – ерікті қан донорларын қолдау және олардың адам өмірін құтқарудағы рөлін кеңінен насихаттау.
Облыстық қан орталығында өткен мерекелік шара барысында тұрақты түрде қан тапсырып жүрген белсенді донорлар марапатталып, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Орталық директоры Светлана Шмурыгина үздік донорларды 9 номинация бойынша құттықтады.
Мәселен, «Донор-чемпион» номинациясы Игорь Подрезовқа бұйырды. Ол 2024 жылы сегіз рет, ал биылғы бес айда төрт рет қан тапсырған. Жалпы 41 рет донация жасап, 100-ден астам адамға үміт сыйлап отыр. «Тұрақтылық – шеберліктің белгісі» номинациясын Мирас Камелов, «Ең ерте келген» номинациясын Павел Яхиц иеленді. Сонымен қатар, Надир Бектербеков («Тамшы соңынан тамшы = 50 ерікті донация»), Валентина Буданцева («Алтын жүрек»), Думан Ағламбеков («Формадағы батыр: от және қан»), Дархан Өмірзақов («Көрінбейтін қаһарман»), Дархан Есілбаев («Ізгі істер жолсерігі»), Марат пен Мейрамгүл Баяндиновтер («Сүйіспеншілік пен донорлықтың күші») сынды белсенділер марапатталды.
Әсіресе, «Сүйіспеншілік пен донорлықтың күші» номинациясын иеленген Марат пен Мейрамгүл Баяндиновтер ерекше ықыласқа бөленді. Олар еліміздің ішкі істер органдарында ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде отбасымен бірге тұрақты донор болып жүр. Қазір балалары да ата-анасының жолын қуып, игі іске атсалысып келеді.
Ашық есік күні аясында донорлар құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендерге ән мен биден шашу шашылды.
Қан орталығының директоры Светлана Шмурыгина шара барысында донор болудың қоғам үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, облыс бойынша жыл сайын 3000-нан астам науқасқа қан құю қажет болады. Бұл мақсатта кемінде 7800 адам тұрақты түрде қан тапсыруы тиіс. Сондықтан орталық қоры үнемі жаңартылып, науқастарға шұғыл жағдайда көмектесу мүмкіндігі сақталуы қажет.
Қан – өмір. Ал оны бөлісу – нағыз ерлік. Қайырымдылық пен жанашырлықтың бұл үлгісі қоғамды мейірімге бөлеп, үміт сыйлайтыны анық. Сондықтан медицина мамандары мен қан орталығы қызметкерлері жұртшылықты тұрақты түрде донор болуға шақырады.
Фото/видео: Жалғас Сақадиев














