KZ
Өскемен
-27°
туман жел 1 м/с, С
515.97 537.8 5.25

Сүйек кемігі донорлығы: Онкологиялық науқастарға үміт

gov.kz
gov.kz
Бүгін, 16:30 48 Төлеуғазы Жансая

Дүниежүзілік балалар обырына қарсы күрес күні қарсаңында Қазақстанда сүйек кемігі донорлығын насихаттауға бағытталған кең ауқымды ақпараттық науқан басталды. Денсаулық сақтау министрлігі "Әрбір қан тамшысындағы өмір" акциясы аясында отандық сүйек кемігі донорлығы институтын дамыту бойынша дәріс өткізді.

Қазіргі таңда Қазақстанда қан обырымен ауыратын 8000-нан астам науқас тіркелген, жыл сайын 1500-ге жуық жаңа жағдай анықталады, оның ішінде 600-і балалар. Көптеген пациент үшін сүйек кемігін трансплантациялау – сауығудың жалғыз мүмкіндігі. Бірақ үйлесімді донор табу ықтималдығы өте төмен – 10 000 жағдайға шаққанда 1 ғана сәйкестік анықталады. Сондықтан қазақстандық тіркелімде туыс емес донорларды іздеу мүмкіндігін кеңейту қажет.

Қазақстанда сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі 2011 жылы құрылды. 2025 жылғы 4 ақпандағы жағдай бойынша бұл тізімде 12 742 әлеуетті донор бар. 2023 жылы тіркелімге 1 673 жаңа донор қосылды. Осы уақыт ішінде 16 трансплантация жасалып, тағы бір операция жоспарланған. Қазақстандық донорлар шетелдік пациенттерге де сәйкес келуі мүмкін – елімізден 4 трансплантат шетелге жіберілді, соның ішінде бір донор италиялық науқас үшін әлемдегі жалғыз үйлесімді донор болды.

Сүйек кемігі доноры қалай болуға болады?

Сүйек кемігі донорларының ұлттық тізілімі – трансплантация қажет пациенттермен үйлесімділігін тексеруге болатын әлеуетті донорлардың дерекқоры. Донор болу үшін:

  • 18-45 жас аралығында болу;
  • Салмағы 50 кг-нан асу;
  • Онкологиялық, вирустық, жүрек-қан тамыр аурулары, туберкулез және басқа да ауыр дерттерге шалдықпаған болу қажет.

Сүйек кемігі донорларының Ұлттық тізіліміне кіру ерікті және өтеусіз негізде өтеді. Ол үшін:

  • Жақын жердегі қан орталығына бару;
  • Сауалнаманы толтырып, келісімге қол қою;
  • HLA-типтеу үшін тамырдан қан тапсыру (9 мл);

Егер донор мен пациент арасында үйлесімділік анықталса, тіркелім міндетті түрде донормен байланысады.

Көпшілік арасында сүйек кемігі донорлығы туралы қате пікірлер тараған. Бұл процесс денсаулыққа зиян келтірмейді және дәрігерлердің қатаң бақылауымен жүргізіледі. Бүгінгі таңда сүйек кемігін трансплантациялау Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында және "UMC" клиникалар желісінде жүзеге асырылады. 2012 жылдан бері 470-тен астам, оның ішінде "UMC" КҚ-да 200-ден астам операция сәтті өтті. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, мұндай науқастардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады.

Сүйек кемігі донорлығы – өмір сыйлау мүмкіндігі. Әрбір қазақстандық өз еркімен тіркеліп, қан қатерлі ісігімен күресіп жатқан науқастарға көмектесе алады. Донор болу арқылы сіз біреудің өмірін сақтауға ықпал ете аласыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу