Өскеменде сенбі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Осы сенбі, 21 маусым күні Өскемендегі Достық үйінің алдындағы алаңда (Назарбаев даңғылы, 68) ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жәрмеңке таңғы сағат 08:00-ден түскі 15:00-ге дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті фермерлердің өнімдерін делдалсыз, қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Өскемендегі сенбілік жәрмеңкелер қала үшін жақсы дәстүрге айналған. Мұнда апта сайын Өскемен мен жақын аудандардан келген тауар өндірушілер жиналады. Сөрелерде жаңа сойылған ет, сүт өнімдері, ірімшік, үй шұжығы, бал, көкөністер мен жеміс-жидектер секілді маусымдық азық-түліктер сатылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну. Жәрмеңкедегі өнімдер делдалсыз сатылады, бұл әсіресе қымбатшылық заманда қала тұрғындары үшін тиімді. Ал фермерлер үшін бұл – өз өнімдерін өткізіп, тұрақты тұтынушылар табуға таптырмас мүмкіндік.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жергілікті тауар өндірушілерді қолдап қана қоймай, агросектордың дамуына, қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтуға да сеп болып отыр.
Дамир Омаров