Балалардың әрбір екіншісі үйде жарақат алады – министрлік ата-аналарды сақ болуға шақырды
Фото: pexels.com
Қазақстанда жыл сайын 0-ден 17 жасқа дейінгі балалар арасында 182 мыңнан астам жарақат пен жазатайым оқиға тіркеледі. Бұл – әрбір оныншы бала өмірінде кемінде бір рет жарақат алады деген сөз, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік өкілдері ата-аналарды қырағылыққа шақырып отыр. Себебі балалар жарақатының 80%-ы ересектердің салғырттығы мен немқұрайлылығынан болады.
Балалар жарақатының негізгі себептері:
- үй ішінде болған жарақаттар – 40%,
- көшедегі жарақаттар – шамамен 35%,
- жол апаттарынан алған жарақаттар – 10%,
- спортпен шұғылдану кезінде – 5%,
- биіктіктен құлау – 5%,
- суға кету, улану, өрт сынды басқа жағдайлар – 5%.
Арслан Дүйсенбаевтың айтуынша, жарақаттардың дені – тұрмыста және далада ойын кезінде ересектердің бақылауы жетіспегенде болады.
Министрлік дерегіне сүйенсек, жарақат алған әрбір 100 баланың бір-екісі мүгедек болып қалуы мүмкін. Мәселен, жыл сайын шамамен 2,4 мың бала жарақат салдарынан өмір бойына сал болып қалуы мүмкін. Бұған негізінен омыртқа сынуы, бас миының жарақаты және басқа да ауыр жарақаттар себеп болады.
Балалар арасында жарақат салдарынан болатын өлім де аз емес. Жол апаты, суға кету және биіктіктен құлау – ең жиі кездесетін және ауыр салдары бар оқиғалар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова бұл мәселені шешу үшін ведомствоаралық кешенді жұмыс қажет екенін атап өтті.
Мысалы, 2023 жылы елімізде 492 бала терезеден құлаған, олардың 26-сы қайтыс болған. 2024 жылы – 357 бала, қайтыс болғандар – 25. 2025 жылдың 1 мамырына дейін – 105 бала терезеден құлап, 7 бала көз жұмған.
Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі – балаларға дұрыс қаралмауынан, бақылаусыз қалудан болады. Кейде жауапкершілік «үлкен балаларға» немесе қарт туыстарға жүктеліп, қайғылы жағдайға әкеледі.
Осыған байланысты министрлік көпқабатты үйлердің жобасына қатысты нақты ұсыныс енгізді. Терезе құрылымын балалар үшін қолжетімсіз етіп жобалау, бұрылмалы терезелерге шектеу қою, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын міндетті түрде орнату мәселесін қарастырып жатыр.
Мамандардың айтуынша, балалар жарақатының басым бөлігі – қол-аяқ жарақаты (75%). Одан кейінгі орында бас пен мойын жарақаты (12%), ал қалған 13% - омыртқа сынуы, ішкі жарақаттар, күйік, улану сияқты күрделі жағдайлар.