Өңір бойынша 36 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі
Шығыс Қазақстанда күн күрт құбылуы мүмкін. «Қазгидрометтің» мәліметінше, облыстың батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде найзағай ойнап, бұршақ жаууы, дауыл тұруы ықтимал. Жел бағытын өзгертіп, екпіні секундына 23 метрге дейін күшеюі мүмкін. Сонымен қатар, өңір бойынша 36 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осындай күрделі ауа райында өрт шығу қаупі де арта түседі. Облыстың солтүстігінде жоғары, ал оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Өскеменде де найзағай мен бұршақ күтіліп отыр.
Мамандар ауа райының мұндай жағдайында сыртқа жиі шықпауға кеңес береді. Күннің ең ыстық мезгілінде – 11:00 мен 17:00 аралығында көлеңкеде болуға, қатты физикалық күш түсірмеуге шақырады. Сондай-ақ, найзағай кезінде ағаш астына тығылуға, желді күні электр сымдары мен бос конструкцияларға жақындауға болмайды.
Су жағасында демалушыларға да қауіпсіздік ережелерін ұстану қажеттігі еске салынды. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға, балаларды қараусыз қалдыруға, мас күйінде суға түсуге болмайды. Кез келген төтенше жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.