Үлкен Нарын ауданында қайтарымсыз қаржы кәсіпке серпін беріп жатыр
pixabay.com
Үлкен Нарын ауданында мемлекеттік грант алып, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асырып жатқан тұрғындар саны артып келеді. 2024 жылы ауданда 5 адам жеке кәсіп ашу үшін жалпы сомасы 7 млн 384 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алған. Биыл да грант алушылардың қатары толығып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Грант иегерлерінің бірі — Балғын ауылында тұратын көпбалалы ана Альмина Нұрбикенова. Ол былтыр 1,5 миллион теңгеге жуық мемлекеттік қолдауға ие болып, туристік бағыттағы бизнес-жобасын сәтті іске асыруда. Альмина ішінде палаткасы мен газ пеші бар қыстық балық аулау құрал-саймандарын, батут, электрлі велосипед секілді демалысқа арналған жабдықтарды туристерге жалға береді. Жеке кәсіпкердің айтуынша, туристердің өтініші бойынша бұл құралдарды өзі мен жұбайы демалыс орнына жеткізіп, орнатып береді.
Балғын ауылы аудан орталығының іргесінде орналасқан. Свинчатка туристік аймағына бет алған демалушылар жолай ауылға соғып, қажетті құралдарды Альминадан жалға алып жүр.
Ал Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Равиль Дүсіпов былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 476 800 теңге көлемінде грант ұтып алып, оған дәмханаға қажетті пеш, тоңазытқыш сияқты құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір суши, шаурма әзірлеп, тұрғындардың тапсырысы бойынша үйлер мен жұмыс орындарына жеткізіп береді. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама кәсіп бастауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Қайтарымсыз қаржының қайырымын көріп отырған өзге кәсіпкерлердің қатарында Талғат Әсетов пен Меруерт Күдерина да бар. Олар мал басын көбейтіп, сауынды сиырлар сатып алған. Бүгінде өз өнімдерін — қаймақ, құрт, май — сатып, табыс тауып отыр.
Үштөбе ауылының тұрғыны Меруерт сүт өнімдерін өз ауылында ғана емес, көршілес Алтынбел ауылының дүкендеріне де жеткізіп сатады. Ауылдың қою кілегейі мен қызыл ірімшігіне сұраныс демалушылар арасында да артып келеді.
Ал Гүлнар Медиева Үлкен Нарын ауылында омарташылықпен айналысып, табиғи бал өндіруде.
2025 жылы аудан бойынша тағы 7 адамға 11 млн 960 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілуі жоспарланып отыр. Аудан тұрғындары бұл қаржыны жаңа кәсіп ашуға және қолданыстағы бизнестерін кеңейтуге пайдаланбақ.