Алтай ауданында көктемгі әскерге шақыру науқаны сәтті аяқталды
Алтай ауданында 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны ойдағыдай аяқталды. Жоспарланған көрсеткіш толық орындалып қана қоймай, артығымен жүзеге асты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әскери комиссариат, жергілікті атқарушы органдар мен медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ондаған бозбала Қарулы Күштер қатарына аттанды. Жас сарбаздардың бір бөлігі еліміздің элиталық әскери бөлімдерінде қызмет етуге дайын екенін білдірген.
Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова бұл жетістікке жүйелі дайындық пен уақытылы атқарылған жұмыстардың арқасында қол жеткізілгенін айтты.
Әскерге алынған жастарды іріктеуде денсаулық жағдайына қоса, олардың білім деңгейі, дене дайындығы мен психологиялық тұрақтылығы да ескерілген.
Қорғаныс істері бөлімінің басшысы Абзал Сетимов бұл жолғы әскерге шақыру науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Жуырда әскер қатарына алынған алтайлықтар "Жас жауынгер" дайындық курсынан өтіп, кейін еліміздің түкпір-түкпірінде өз борыштарын өтей бастайды. Аудан басшылығы олардың әскери қызметті абыроймен атқаратынына сенімді.


