KZ
Өскемен
-11°
плотный туман жел 3 м/с, СШ
498.69 522.23 5.79

Көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталады

Бүгін, 15:40 80 Әбішев Ержан

Осы жылдың 1 наурызынан бастап ШҚО-да көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады, ол маусым айының соңына дейін жалғасады. Осы науқан аясында 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар ел Президентінің жарлығына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

– Әскерге азаматтарды шақыру – Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтауға бағытталған маңызды процесс. Биыл Шығыс Қазақстан облысынан 1 мыңнан астам жас жігіт шақырылып, олар бүкіл ел аумағында қызмет ететін болады, – деді ШҚО Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Сатбалдиев Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.

Медициналық және шақыру комиссиялары облыстың 10 ауданында өз жұмысын бастайды, ал жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушыларға хабарлау жұмыстарын ұйымдастырады. Еске сала кетейік, хабарлау тек дәстүрлі шақыру қағаздары арқылы ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды пайдалану – мобильді телефондарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы да жүргізіледі.

Әскери қызметтен жалтару заң бойынша ауыр салдары бар екенін атап өту керек. Егер шақырылушы негізсіз келмесе, оған айыппұл салынады, ал медициналық тексеруден өтуден бас тартса – ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Ал егер заңды себепсіз әскери қызметтен жалтарса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл айыппұл төлеуге, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға, тіпті бас бостандығынан айырылуға дейін алып келуі мүмкін.

Қорғаныс министрлігі әскерге қызмет етуге қызығушылықты арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдауда. Олардың арасында «Несиелік демалыс» бағдарламасы, бұл қызметке шақырылған азаматтарға қызмет мерзімінде несиелер мен қарыздарды төлеуден босату мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті абыроймен атқарып шыққан азаматтарға «Срочник 2.0» жобасы аясында университеттерге қабылдау емтихансыз түсу мүмкіндігін ұсынады.

 Фото: ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу