Қазақстанда талапкерлер үшін құжат қабылдау ресми басталды
pixabay.com
Қазақстанда 2025–2026 оқу жылына арналған жоғары оқу орындарына құжат қабылдау науқаны ресми түрде басталды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлер 13 пен 20 шілде аралығында білім беру грантына және ақылы оқуға өтініш тапсыра алады. Құжаттарды egov.kz порталы арқылы онлайн форматта немесе университеттердің қабылдау орталықтарында тапсыруға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биылғы қабылдау науқанының ерекшелігі – цифрлық жүйелерді кеңінен қолдану. Құжаттарды қабылдау мен конкурстық іріктеу үдерістері толықтай автоматтандырылып, ашықтық пен әділдікке басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар, сұранысқа ие техникалық және IT бағыттарына қосымша гранттар бөлінген. Ауыл мектептерінің түлектері мен әлеуметтік осал топтағы жастар үшін арнайы квоталар қарастырылған.
Грантқа немесе ақылы бөлімге түсу үшін төмендегідей балл жинау қажет:
- Құқық және Педагогикалық ғылымдар – кемінде 75 балл
- Медицина бағыты – кемінде 70 балл
- Ұлттық университеттерге түсу – кемінде 65 балл
- Басқа ЖОО-лар үшін – 50 баллдан кем болмауы керек
- Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне – кемінде 50 балл
Айта кетейік, әр ЖОО өз шекті баллын өзі белгілеуге құқылы.
Министрлік талапкерлерге құжат тапсыру мерзімін өткізіп алмауды, қабылдау талаптарымен алдын ала танысуды және электронды сервистерді белсенді пайдалануды ұсынады. Толығырақ ақпарат министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайттарында қолжетімді.