KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 1 м/с, С
505.17 599.54 6.59

«Үбі әуендері»: тау бөктеріндегі той-думан

26.07.2025, 13:50 297 Жанаргүл Көкенайқызы


Риддер қаласына қарасты Поперечное ауылында «Үбі әуендері» атты этнофестиваль өтті. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Семей қалаларынан және облыстың түрлі аудандарынан өнер ұжымдары мен қолөнер шеберлері жиналды. Барлығы 31 фольклорлық ансамбль және 51 қолөнерші қатысып, көпшілікке ұлттық өнер мен мәдениеттің әсем үлгілерін ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

— «Үбі әуендері» этнофестивалі тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеп, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл — музыкалық, фольклорлық әрі этнографиялық бағыттағы маңызды шара. Қолөнершілердің қатысуы фестивальдің мазмұнын байытып, маңызын арттыра түседі, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Виктория Варавина.

Фестивальдің ашылу салтанатында Риддер қаласы әкімінің орынбасары Төлеухан Қаныбек сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты құттықтады. Оның айтуынша, бұл дәстүрлі және бірегей шараны өткізуге қала әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

Дәстүрге айналған мерекелік іс-шара биыл да ашық аспан астында өтті. Шара аясында дәрігерлер мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып, қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Тау бөктеріндегі Поперечное ауылының сыртындағы көкорай шалғында өткен той-думанға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Әсіресе баян, гармоньмен орындалған орыс және славян халықтарының фольклорлық әндері көрерменге ерекше әсер сыйлады. Фестиваль барысында 200-ден астам өнерпаз ән мен жырын арнады.

Табиғат аясындағы этнофестивальдің көркін қолөнершілердің туындылары тіпті аша түсті. Киізден, қой жүнінен, бисер мен моншақтан, тастан және ағаштан жасалған түрлі бұйымдар жұртшылықтың көзайымына айналды.

Фото/видео: Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу