Өскемендіктер «Ұлы даланың әуезді әуендерін» тыңдады
Өскеменде, Пушкин атындағы облыстық кітапханада, Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы даланың әуезді әуендері» атты музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аймаққа аты шыққан танымал музыкант, композитор Уатхан Жүнісов шәкірттерімен бірге ел алдында өнер көрсетті. Оқытушының жетекшілігіндегі шығармашылық топтар «Ел бірлігі» және «Біз біргеміз» атты қос бірдей музыкалық бағдарламаларды Тәуелсіздіктің тойына орай халыққа тарту етті.
Осы тұста композитор Жүнісов туралы айта кету ләзім. Ол Сарсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің музыкалық білім кафедрасының аға оқытушысы. Ұлттық музыканы ұлықтап жүрген жас таланттарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Шәкірттердің шеберлігін шыңдап, ерінбей еңбек етуде.
Кеш барысында композитордың «Ұлы даланың әуезді әуендері» музыкалық жинағы көрермен қауымға ұсынылды. Жинаққа қазақ, қырғыз және Алтай аймағының ән-күйі топтастырылған екен. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының музыкалық аспап жасаушы шеберлерінің шығармашылық жұмыстары туралы баяндалады. Кітап музыкалық білім алушылар мен жалпы өнер сүйер қауымға арналған.
Бұл кеште және де тыңдармандар «Әлдикөк», «Серпін», «Қазына» ансамбльдерінің орындауындағы халық әндерімен сусындап қайтты.