KZ
Өскемен
-16°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, ОБ
518.14 537.57 5.27

Ел бірлігін паш еткен этнофестиваль

28.11.2019, 05:49 160

Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының мәдени мұрасы» атты қорытынды этнофестиваль  өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова,   аудандық Достық үйлерінің  қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, шығармашылық ұжымдар мен  қала тұрғындары қатысты.

Облыс аумағында тұратын этнос өкілдерінің дәстүрлі мәдениетін сақтап, насихаттауды, бірлік пен этносаралық келісімді нығайтуды,   қоғамда туған жерге құрмет пен мәдени мұраны қастерлеуді дәріптеп, аймақтағы Достық үйлері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуді мақсат  еткен шара барысында  өңірімізде тұратын этностардың сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған бұйымдар облыс аумағында тұратын ұлттар мәдениетінің көптүрлілігін  паш етіп, әртүрлі этностардың дәстүрі мен тарихынан сыр шерткендей.  Тегінде «Өнерде шекара жоқ» деген рас. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардың барлығы жұтынып тұр. Көрген жанның көзін сүйсінтіп, көңіліне қуаныш сыйлайды.  Глубокое ауданының №1 Белоусовка орта мектебінің директоры Мархаббат Карибаеваның қолынан шыққан құрақ көрпелерді тамашалаудың  өзі бір ғанибет!    Сондай-ақ  Катонқарағай ауданынан, Семей, Риддер, Алтай мен Курчатов қалаларынан келген қолөнер шеберлерінің бұйымдары өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Әзірбайжан халқының тоқылған кілемдері де көрменің бір бұрышынан орын алыпты. Облыс әкімінің орынбасары  осынау көрмені ерекше бір ықыласпен  аралап, әр халықтың аспаздық өнерімен танысып, ұлттық тағамдарынан ауыз тиді.

Жалпы,  өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімінің бастамасымен «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының мәдени мұрасы» жобасы қолға  алынған болатын. Осы жоба аясында тек өткен 2018 жылдың өзінде 300-ге тарта іс-шара ұйымдастырылып, оған 75 мыңнан астам адам қатысқан. Қазақ халқының «Бабалар мұрасы» фестивалі, татарлардың «Сабантойы», «Ертіс әуендері» атты орыс фестивалі секілді шаралардан бөлек,  Қазақстан халқының мәдени мұрасы мен  фольклорын қайта жаңғыртып, жандандыруға  арналған  үш экспедиция тобы құрылып, аймақтың барлық өңірін аралап, ел аузындағы аңыз-әпсаналарды, жыр-дастандар мен ауыз әдебиеті нұсқаларын   жинаумен айналысқан болатын. Биыл  да бұл жұмыстар жалғасын тауып, талай шаруа атқарылғаны сөзсіз. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында өткен бұл этнофестивальды  жыл бойы атқарылған  сол жұмыстардың қорытындысы десе де болғандай. -Мен үшін бұл шараға қатысу үлкен құрмет. Осынау этнофестивальға қатысқан барлық шығармашылық адамдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлесін қосты деп санаймын. Сіздердің өз дәстүрлеріңіз бен мәдени құндылықтарыңызға деген  осынша шабыттарыңыз бен махаббаттарыңыз болмаса, Шығыс Қазақстан мұндай бай, әдемі болмас еді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өзінің құттықтау сөзінде. Шара барысында облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жұмысына белсене қатысқаны,  ұлтаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Бағдат Есдәулетова, Айман Боқпасарова, Роза Цис, Галина Борисович, Камилия Исмаилова, Юлия Кнуст, Виктор Скрипниченко сынды азаматтар грамотамен марапатталды. Салтанатты шара  облыстық, қалалық және аудандық шығармашылық  өнер ұжымдарының бірлік пен ынтымақты жырлаған  концертіне ұласты. Сондай-ақ осынау этнофестиваль аясында аймақтық, аудандық Достық үйлерінің баспасөз қызметкерлері   “Қазақстан  халқы ассамблеясының   қызметін ақпараттандыруда жаңа әдістерді енгізу” атты республикалық семинар-тренингке қатысып, өзара тәжірибе алмасты.


 

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу