«Таза Қазақстан» аясында 44 мың экошара өтті
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында білім беру саласында атқарылған жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2024–2025 оқу жылында еліміздің мектептерінде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» құрылып, оған 125 мыңнан аса оқушы тартылған. Бұл бастама оқушыларды табиғатты аялауға үйретіп, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.
Мектепке дейінгі ұйымдар да бұл жұмысқа белсенді қатысуда. Қазіргі таңда ел бойынша 77 балабақшада «Жасыл балабақша» бағыты іске қосылып отыр. Сонымен қатар, оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдердің қатысуымен 44 мыңнан астам экологиялық шара өткен. Олардың қатарында ағаш отырғызу акциялары, жас экологтар мен өлкетанушылар форумдары, экожобалар байқауы, еріктілердің табиғатты қорғауға арналған бастамалары бар.
Министр «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында іске асырылып жатқанын атап өтті. Бағдарламаның басты мақсаты – балаларға азаматтық белсенділік пен экологиялық мәдениетті сіңіру.
Экологиялық тәрбие тек оқу жылы аясында емес, жазғы демалыс кезінде де жалғасын табады. Жазғы кезеңде оқушылар табиғатты қорғауға бағытталған жобаларға қатысып, қорғалатын аймақтарға экскурсия жасап, туған жер тарихын танып-білуге арналған іс-шараларға белсенді түрде тартылуда. Бұл – тек білім беру емес, қоршаған ортаны сақтауға деген жанашыр көзқарасты қалыптастырудың тиімді жолы.