Ұлан ауданында шартты жазасын бұзған ер адам сотқа қайта жіберілді - ШҚО
Өскеменде шартты жазасын өтеп жүрген 25 жастағы азамат түнгі сауық кезінде электронды білезік арқасында ұсталды. Оқиға Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында болды. Бұл жағдай жүйеден жасырыну мүмкін еместігін көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сотталған азамат жазасын өтеу шарттарын өрескел бұзып, бірнеше рет түнде үйінен шығып кеткен. Ол аяғына тағылған электронды білезікке қарамастан, бойжеткенімен мотоциклмен қыдыруға шыққан.
Электронды құрылғыдан алынған деректер нақты уақыт режимінде мониторинг орталығына түсіп отырған. Пробация қызметі мен полиция қызметкерлері үйлесімді әрекет етіп, оның заңсыз әрекетін әшкереледі.
Азамат мас күйінде ауыл ішінде жарыс ұйымдастырған. Шақыртуға жедел жеткен учаскелік инспектор мен пробация қызметкері «ұстау» жоспарын іске асырды. Алайда сотталған ер адам қашпақ болып, үлкен жылдамдықпен жолға шықты. Басқаруды игере алмай, мотоцикл дүкен жанында аударылып қалды. Ол зардап шекпегенімен, электронды білезігін зақымдаған.
Жүргізушіде құжат болмағандықтан, мотоцикл тәркіленді. Пробация шарттарын бұзғаны және электронды құрылғыны зақымдағаны үшін материал сотқа жіберілді. Енді оған нақты бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Айта кетейік, азаматтың жазасын өтеуге небәрі төрт ай қалған еді.
Бұл оқиға заманауи технологиялар мен қызметкерлердің кәсібилігі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қалай ықпал ететінін дәлелдеді.
Қазір Шығыс Қазақстан облысында екі айға созылатын «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды нығайту. Осы аясында пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға бақылауды күшейтті.
Фото: ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

