Өскеменде World Cleanup Day экологиялық сенбілігі өтеді
Фото: instagram.com/baytaq_shqo
Өскеменде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында халықаралық экологиялық сенбілік – World Cleanup Day ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті қала тұрғындарын сенбілікке белсенді қатысуға шақырды. Департамент өкілдерінің айтуынша, шара қаланы тазалауға, экологиялық мәдениетті арттыруға және тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына ықпал етеді.
Әлемдік экологиялық бастама саналатын World Cleanup Day жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде өткізіледі. Қазақстанның бұл акцияға қосылуы еліміздің жаһандық экологиялық қозғалыстарға белсенді қатысатынын, «жасыл экономика» қағидаттарына және «Таза Қазақстан» идеясына адалдығын көрсетеді.
Өскемендегі сенбілік 20 қыркүйек күні сағат 09:00-де Шмелев Лог аумағында өтеді. Қатысушыларға өздерімен бірге қолғап алып келу ұсынылады.
Елизавета Седых