KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 4 м/с, З
503.35 590.63 6.62

Өскеменде Ұлттық ұланның құрылған күні аталып өтті

10.01.2026, 11:00 205 Базарова Айгүл

Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының құрылғанына 34 жыл толып отыр. Осы ретте 10 қаңтар – ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сенімді тірегіне айналған әскери құрылымның кәсіби мерекесіне орай Өскеменде салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мерекеге орай 5518 әскери бөлімінде ұйымдастырылған рәсімге Ұлттық ұлан ардагерлері және «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты.

– Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи кезеңдерге көз салсақ, Ұлттық ұланның қалыптасуы мен атқарған миссиясының маңызы зор. Қоғам қауіпсіздігінің берік қалқанына айналған әскери құрылым жауынгерлерінің үлесін мақтанышпен айтуға болады, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Ерлан Чокушев.

Іс-шара барысында Ұлттық ұланның тарихы мен әскери бөлімнің жылдар бойғы қызметін баяндайтын бейнесюжеттер көрсетілді. Сондай-ақ, мінсіз қызметімен көзге түскен және жауынгерлік дайындықта ерекшеленген бірқатар әскери қызметші марапатталды.

Ұлттық ұлан еліміздегі қоғамдық тәртіпті сақтау, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету, төтенше жағдайларда азаматтарды қорғау сияқты маңызды міндеттер атқарады. 



Фото: «Шығыс» ӨҚ баспасөз қызметі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу